«Ел бірлігі - Жаңа Қазақстан»: ел аралап жүрген өнерпаздар Ұлытау облысына жетті

«Ел бірлігі - Жаңа Қазақстан» жобасы аясында ел аралап, концерт беріп  жүрген өнерпаздар Ұлытау облысына жетті.

Алтынбек Қоразбаев, Ерлан Рысқали, Ардақ Елеусіз секілді қазақтың танымал әншілері жазиралы Жаңарқа жерінде өнер көрсетіп, жиналған қауымның құлақ құрышын қандырды. Жоба мақсаты - өңір тұрғындарына мәдени құндылықтардың қолжетімдігін қамтамасыз ету, ауыл-елдегі шығармашылық ұжымдарды қолдау, еліміздің ұлттық құндылықтарын дәріптеу, - дейді ұйымдастырушылар. Сайдалы ата тойымен тұспа-тұс келген концертке кісі қарасы көп жиналды. Жаңарқа жазығында 80-нен астам ақшаңқан үйлер тігіліп, ұлттық спорттың бірнеше түрінен жарыс өтті.

Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның Халық әртісі:

Ұлытау деген киелі жер, қазақ хандығының көк туы желбіреген жер. Ал енді бүгінгі өтіп отырған мынау үлкен іс-шара атақты Сәкен атамыз қойып кеткен Жаңарқа өңірінде болып жатқан той. Құтты болсын, ниет қабыл болсын демекпін. Енді мұндай той көптен болған жоқ еді. Менің өзі ішім жылып, жүрегім жылып, мына халықтың қабағын қарап қуанып тұрған жайым бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.