Түрікменстандағы ағайын елге оралды – Павлодар облысы

Түрікменстандағы ағайын елге оралып жатыр. Бұл жолы Павлодар облысына екінші лек келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

50-ге жуық азамат енді облыстағы елдімекендерге қоныстанады. Қазір құжаттарды рәсімдеу, жұмысқа орналастыру шаралары қолға алынған. Биыл аймаққа бас-аяғы 800-ден астам адам көшіп келмек. Олардың басым бөлігі Түрікменстаннан. Түркменстандағы этникалық қазақтардың көші-қоны пандемия салдарынан кейінгіге шегерілген еді. Екі жыл бұрын тарихи Отандарына оралуға жүздеген азамат ниет білдірген. Қазақ жеріне алғашқылардың бірі болып жеткендердің қатарында Үсеновтер отбасы бар.

Ақсырға Үсенова, қоныс аударушы:

– Балалар үшін, балалардың келешегі үшін. Балаларымыз өссін, енді елемізге барайық. Балаларға керек. Соған келіп жатырмыз көшіп.

Ендігі мақсат – оларды тұрғын үймен қамтып, екі қолға бір күрек табуға көмектесу. Өңірде қандастарды қолдау бойынша арнайы карта әзірленген. Жоба аясында қоныс аударушыларға жүзден астам елді мекен белгіленіп, бір мыңнан астам жұмыс орны қарастырылған.

Альмира Дисюпова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлар бөлімінің басшысы:

– Әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде төлем қарастырылған. Отбасында бес адам болса, бірреттік төлем 2 млн теңгеден асады. Көшіп келген әр отбасы аудан немесе қаланы таңдау мүмкіндігіне ие. Жұмыс жағына қарай қалаған елді мекендеріне көшеді.

Түркменстаннан қоныс аударғандардың басым бөлігі жұмысшы және техникалық мамандық иелері. Қазіргі уақытта азаматтарды жұмысқа орналастыру шаралары қолға алынды.

Болат Зауыт, «Отандастар қоры» облыстық филиалының басшысы:

– Бұл кісілер «қандас» мәртебесін алған жоқ әлі. Әлі диаспора. Сондықтан ең бірінші Қазақстанда жеке сәйкестендіру номерін алады, одан «қандас» мәртебесін алады. Түркменстанда тұрғанда Қазақстан Республикасының елшілігінен С10 деген виза алғандықтан, тек Павлодар облысында ғана тіркеуге тұрып, Қазақстан азаматтығын алып, бейімделуі тиісті.

Жыл басынан бері Ресей, Моңғолия, Өзбекстаннан 216 адам көшіп келген. Мамандардың айтуынша, қандастар Қазақстан азаматтығын алғаннан соң бір облыста кем дегенде бес жыл тұрып, бейімделуі тиіс. Шарт орындалмаса, депортацияға ұшырайды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова және Жеңіс Темірболат