Қостанай облысында егін орағы қарқын алды

Осы күнге дейін 900 мың гектарға жуық алқаптың астығы жиналды. Бұл жалпы көлемнің шамамен 20 проценті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал астықтың түсімі орташа есеппен гектарынан 10,2 центнерден айналады. Күн райы қолайлы болса, науқанды бас-аяғы жиырма шақты күннің ішінде аяқтауға мүмкіндік бар дейді мамандар. Елу жылдан астам егіншілікпен айналысып келе жатқан Ибраш Естаев биылғы жылдың несібесі көңіл қуантады дейді. Жерді өңдеп, агротехникалық шараларды дұрыс қолданған шаруалардың қамбасы орта түспесіне сенімді. Тәжірибелі маман иелігіндегі он мың гектардан кемі он бес мың тонна тонна өнім аламын деп жоспарлап отыр.

Ибраш Естаев, шаруа:

Екі күн бұрын бастадық. 14 центнерден шықты. Ал енді әп дегенде, егінді нашарлау жерінен басталады. Ал енді әрі қарай меніңше, ойлаймын егін 16-17, тіпті кейбір клеткаларда 20 центнерге барып қалуы тиісті деп ойлаймын.

Әрине танаптардың өнімділігі біркелкі емес. Ылғал мөлшері, күтім-бабына байланысты. Мысалы, Ибраш Естаевтың да жаз бойы бір тамшы тамбаған алқаптары бар. Одан бөлек астық ауруларына қарсы күрес жүргізуле жылдан-жылға қиындап барады.

Ибраш Естаев, шаруа:

– Пестицид деген ол жаңағы ауруларға қарсы, сол жаңағы ауруға қарсының бағасы, енді әкесінің құнын сұрайды. Осыған Үкімет шамалы бір көңіл бөлсе деймін. Ал енді оны қолданбаса, ауру қалай болғанда да бидайдың сапасын да, жаңағы өнімін де азайтады.

Қалай дегенменде биыл облыс бойынша егін шығымы жаман емес. Техника, жанар-жағар май жеткілікті. Егер астық ылғалды болса, кептіргіш агрегаттар да дайын тұр. Ішкі нарықты қамтамасын етіп, сыртқа сатарлық та жеткілікті бидай жиналады деген сенім зор.

Кенже Жұмандықов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Биылға бізде дәнді дақылдардың облыс бойынша 4 миллион тоннаның шамасында жинауға жоспарлап отырмыз. Бұл өткен жылға қарағанда бір миллион тоннаға артық болады. Шамамен онда екі центнерден гектарына өнімділік болады деп ойлаймыз.

Айта кетейік, алдын ала төлем әдісімен мемлекет азық-түлік корпорациясы арқылы астық сатып алуға биыл 35 млрд теңгеге жуық қаржы бөлген. Бұл өткен жылға қарағанда 3,5 есе көп.

 

Авторлары: Мағауия Қалиев. Ермек Мұхамедияров