Суперпрезиденттіктен президенттік республикаға көшуге қандай қадамдар жасалды

Айтылды-орындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы Жолдауында басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндай жүйе билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді, деді. Осы мақсатта қандай қадамдар жасалды? Толығырақ келесі бейнематериалда.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын басшылыққа аламыз.    Бүгін мен осы стратегиялық мақсатымызға жетуге мүмкіндік беретін бірқатар бастамаларды ұсынамын.

Әлбетте, бұл біркүндік, бір айлық, тіпті біржылдық шаруа емес. Бірақ алғашқы қадамдардың жасалып жатқанын жоққа шығару әсте дұрыс болмас. Оған дәлел Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар. Мәселен, Президентті көп өкілеттігінен айыру еліміздегі саяси жаңғыру үдерісінің ілгері басуын қамтамасыз етеді. Ұсынылған бастамалар қоғамды одан әрі демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады. Осы мақсатта 2022 жылдың 5 маусымында елімізде республикалық референдум өткені есімізде.

Дихан Қамзабекұлы, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры :

- Суперпрезиденттік басқарудан президенттік-республикалық жүйеге қарай өту, сонымен бірге билікті бөлісу, Парламентке көп мүмкіндік туғызу, халықты билік жұмысына тарту. Билік пен халық арасындағы диалог. Осының бәрі де қоғамда талқыланып оған өзгерістер қабылданды. Ары қарай Заң жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында құқық қорғау институттарын күшейту керектігін де айтқан еді. Елімізде ең жоғары заңдық күші бар құжат - Конституция. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет болатын. Айтылды. Орындалды.

Бибігүл Жексенбай, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті:

- Конституциялық өзгерістер туралы айтқан кезде ең үлкен жетістік - саяси бәсекелестіктің пайда болуы. Жасыратыны жоқ, бұрын билікке келген адамдардың халықтың тікелей байланыссыз болатындығы, сайлаудың өзі бәсекеге сәйкес жүрмейтіндігі халықтың ішкі наразылығын жылдар бойы туғызып келді. Енді халық саяси бәсекелестіктің болатынын сезіне бастады.

Қаңтар оқиғасына қатысы бар күдіктілерді азаптауға байланысты қылмыстарды әшкерелеу және тергеу тапсырмасын президент Бас Прокуратураға жүктеді. Нәтижесінде полиция қызметкерлерінің биыл 7-17 қаңтар аралығында Талдықорған қаласында жаппай тәртіпсіздік жасағаны үшін ұсталған 23 азаматқа азаптау қолданғаны дәлелденді. Қылмыстық кодекстің 146-бабы бойынша 5 полиция қызметкері күдікті деп танылды. Азаптауды қолданудың басқа да фактілерін тергеу аяқталуға жақын.

Авторы: Мирлан Алтынбек