Дәрілік шөп өсіруді кәсіп еткен жетісулық кәсіпкер

Дәрілік шөп өсіруді кәсіп еткен жетісулық кәсіпкер

Сергей Андреенко құтыға отырғызылған шүйгін шөптің көшетін бірер күнде егістік алқапқа көшіреді. Осы жылы оның ауқымын он гектарға дейін ұлғайтпақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол арқылы келесі жазда жиналатын өнім көлемін  көбейтуді жоспарлап отыр. 

Сергей Андреенко, серіктестік директорының орынбасары:

-Валерянка деп аталатын өсімдік көшетін 17 гектарға егеміз. Осыған дейін оның алқабы 7 гектар болатын. Яғни жыл сайын егістік ауқымын ұлғайтып келеміз. Бірақ бұл дақылды өсіру оңай емес. Өйткені күтіп баптау жұмыстары техникамен емес көбіне қолмен жасалды.

Жұмыс күшін көп қажет етумен қатар саладағыларға қойылатын талап та қатаң. Мәселен, егістік алқапты гербецид, пестицидпен тыңайтуға мүлдем болмайды. Тіпті, химиялық қоспалар көрші шаруашылықтан да шашырамауы тиіс. Сонда ғана шөптің құрамы таза әрі табиғи қалпында болады. Өнімді жинау және жеткізу кезінде тазалық сақталуы қажет.  

Владислав Михаилов, жұмысшы: 

- Өз адамдарымыз таңқурайдың жапырағын таудан жинайды. Оны арнайы тазаланған жеке көлікпен әкеледі. Өйткені оған өзге өсімдіктердің тозаңы түспеу керек. Су тигізбей көгертпей сақтау қажет. Қысқасын айтқанда талап қатаң сақталады. Сонда ғана өндіріске жарайды.

Кәсіпорында 60 тан аса адам жұмыс істейді. Қазір олар таудан жиналған жабайы алма мен итмұрынды қақтап, таңқурай жапырағын кептіруге кіріскен. Сонымен қатар, өздері өсірген мыңжапырақ, жалбыз, шайқурай, қызылмия, түймедақ сынды дәрілік өсімдіктерді ұсақтап жөнелтуге дайындап жатыр.  

Сергей Киреев, өндірістік цех жетекшісі:

- Біздің шаруашылықта ең көп жиналған өнім ол түймедақ. Осы жазда егістік алқаптардан 250 тонна алдық. Қазір өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни жапырағын, сабағын және тұқымын жеке жеке сұрыптап, қапқа саламыз. Әлі бір ай шамасында атқаратын жұмыс бар.

Сұрыпталған өнім дәрі жасайтын отандық және шетелдік компанияларға жөнелтіледі. Негізінен Ресей, Түркия, Германияға экспортталып отыр. Шаруашылықтағылар биыл инфроқұрылым тартып зауыт сала бастады. Осылайша олар өсірген өнімді өз елімізде өңдемек. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев