Қарағанды облысында спорт кешені ашылды

Қарағанды облысындағы кеншілер қаласы – Шахтинскіде дене шынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін мұнда спорт нысаны мүлдем болмаған. Тұрғындар үнемі талап етіп келді. Ақыры зәулім кешенге қол жеткізді. Құрылысқа шамамен 780 миллион теңге қаржы жұмсалған. Мұнда баскетбол, футбол, ауыр атлетика, күрес, бокс залдары бар. Сонымен қатар 25 метрлік бассейн салынған. Мүмкіндігі шектеулі жандардың да жүзуіне қолайлы жағдай жасалыпты. Нысанның ауласы да абаттандырылып, балалардың шынығуына қажетті құрылғылар орнатылған. Қазір шағын қалада 4 шахта мен бір кәсіпорын жұмыс істейді. Онда шамамен 5,5 мың адам еңбек етеді. 

Марал Жәмпейісов, ардагер кенші:

Бұл енді біздің 4 жылдан бергі сұраған, біздің талаптарымызға жазылған сұрақтың бірі еді. Бүгін, міне, өте қуанышты күн. Балаларымыз спортпен шұғылданып, Қазақстанның туын жоғары желбірете берсін.