Атырауда ұлттық өнерді ұлықтаған мереке мәресіне жетті

Еліміздің Ата заңы құрметіне Атырауда ұлттық өнерді ұлықтаған айтулы мереке мәресіне жетті. Махамбет ауданында өткен халықтық шараға жиналғандар көкпар, қыз қуу ойындарын тамашалады. Аламанға ат қосып, бақтарын сынады. Ал Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан мен Атыраудың жыр сүлейлері бас қосқан батыс өңірлік айтыста 20 ақын өзара мықтыны анықтады. Осылайша «Кеңөріс» ауылын думандатқан ұлттық өнер салтанаты көптің көңілінен шығып, нағыз халықтық мерекеге айналды.

Алдымен жарыс алаңына шыққан көкпаршылар өзара мықтыны анықтады. Жүйріктің де, жігіттің де күші мен ептілігін сынайтын ұлттық ойында ақтөбелік көпаршылардың мерейі үстем болды. Сондай-ақ, қыз қууға шыққан 5 жұп та көпшілік қошеметінен шет қалмады. Күннің ыстығына қарамай алыс-жақыннан жиналғандардың делебесін қоздырған нағыз тамаша - ақындар айтысы болды.

Мереке Құлкенов, айтыс төрешісі:

- Ұлттық ойындардың жарысы, айтысымыз бәрі халықтың ұлтына, тіліне, рухына, патриоттық сезіміне қайтып келе жатыр деген сөз, ұйымдасып, жақындасып келе жатыр деген сөз. Біз оған ризамыз.Өйткені, осындай мерекелер кейінгі ұрпақты тәрбиелейді.

Ат бәйгесі 12 шақырымдық құнан бәйгеден және 20 жүйріктің алымын сынаған аламаннан тұрды. Құнандар жарысында Жылыой ауданыан келген торы байталдың бағы жанса, аламанда 30 шақырымды еркін шауып шыққан маңғыстаулық сәйгүлік алдына қара салмады.

Әбілқайыр Түсіпбаев, атбегі:

- Мен де осы мейрамымызға үлесімді қосайын деп екі ат алып келіп құнан, аламан бәйгеге қосып жатырмын. Мереке құтты болсын, осындай мерекелер ұйымдастырылып тұрса, жастарымызға тәрбие болар еді, үлкендерімізге де үлкен қуаныш. Қызықты көріп халық бір серпіліп жатыр.

Атырау облысында Ата заңымызды ардақтап, оның нағыз халықтық мерекеге айналып келе жатқанына, биыл екінші жыл. Бұл-қиыр жайлап, шет қонатын ауылдықтар үшін ғана емес, алыс-жақын ағайын араласатын, өзара өнер салыстырып,  ұлттық өнерді ұлықтайтын шара болды.

Рашид Отаров, шараны ұйымдастырушы:

- Былтыр өткізгенбіз, биыл да ауқымды етіп өткізіп жатырмыз. Оның үстіне айтысты қосып отырмыз. Айтысқа Республикаға белгілі Аспанбек Шұғатаев келіп қатысты, Жандарбек Бұлғақов қатысты. Ұлттық спортты дамытып, таза ауада бүткіл халықтың көңілін көтеріп жатқан жайымыз бар.

Осылайша «Жаса, жаңа Қазақстан» халықтық шара өз мәресіне жетті. Ата заңымызды ардақтаған халықтық шараға жиналғандар дән риза болып тарасты.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин