Швейцариялықтар қазақ тілін үйренетін болды

Швейцариялықтар жыл сайын Жетісуға келіп қазақ тілін үйренетін болды. Салт-дәстүр, тарихымызбен де терең таныспақ. Осы мақсатта Талдықорғандағы жоғарғы оқу орнында Еуразиялық зерттеулер орталығы ашылды.

Шетелдік студенттер мен оқытушылардың алғашқы легі қазір бір айлық этнографиялық тәжірбиеден өтіп жатыр.

Мартайн Мариот Швейцариядағы Цюрих университетінің студенті. Этнограф, антрополог мамандығын меңгеріп жатқан ол бес тілді біледі. Өз ойын испанша, французша, немісше, ағылшынша еркін жеткізетін полиглот енді қазақша үйрене бастады. 

Мартаин Мариот, Цюрих Университетінің студенті:

- Қазақстандағы адамдардың ашықтығы, бір-бірімен емен жарқын сөйлесіп, араласатындығы ұнады. Болашақта қазақ тілін тереңірек үйреніп, осында тағы келгім келеді. Орта азиядағы өзге мемлекеттерге де барып көрсем деймін.

Студенттер мен оқытушылардың келгеніне бір айға жуықтады. Осы уақыт ішінде олар халқымыздың мәдениетімен танысып, салт-дәстүрінен хабардар болды. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін және елдің экономикалық жағдайын бағамдады.

Вернер Герцуг, этнограф:

- Елде социализмнен демократияға өту үдерісі жүріп жатыр екен соны байқадым. Экономикалық өзгерістер мен даму барысы қатты қызықтырды. Менің ойымша, бұл зерттеуге тұрарлық ауқымды және маңызды тақырып. Осы жолғы сапарымда мен қазақ халқы туралы көп нәрсе білдім. Ұлттық тағамдары ұнады.

Зерттеу орталығы Цюрих университетімен жасалған мемарандум нәтижесінде ашылды. Соның негізінде енді бірлескен бастамалар мен жобалар жүзеге аспақ.

Петер Финке, Цюрих Университетінің профессоры:

- Осы күнде екі проект бар. Ол жүреді. Орталық Азиядағы бизнес мәдениеті. Сол туралы. Екіншісі келесі январдан басталады. Ол орталық азиядағы коррупция туралы. Проект ішінде 15-20  шақты университет бар. Жиырма алтыға шейін жүреді. Бес жылға жұмыс жоспар бар. Одан кейін тағы да жасаймыз деп ойлаймын.

Оқу орындары арасындағы келісімге сай келесі жылы жетісулық студенттер Швейцарияға барады. Сол елде білімін арттырып біліктілігін жетілдіреді. Ал қазақша үйренуге ынталы шетелдіктер Талдықорғанға келіп, тілді тереңірек меңгеруге мүмкіндік алады.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов