Еңбек адамдарын құрметтеуіміз қажет – Е.Қошанов

«Еңбек адамдарын құрметтеуіміз қажет». Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов  «Бетпе бет» бағдарламасында Берік Уәлиге берген сұхбатында осылай деді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжіліс спикері Президент Жолдауында айтылған басты бағыттарды саралап, негізгілеріне тоқталды. Сонымен қатар, Төрт түлігін түлетіп өсірген ауыл жұртының басты базынасына тоқталды. Жолдауда айтылған жер мәселесінің бірі – жайылым жерлер мемлекетке қайтарыла бастаған. Бүгінге дейін 3 мыңға жуық гектар жер мемлекет меншігіне өткен. Бұл мәселені Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында шегелеп айтқанын жеткізді. Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына да тоқталды. Бұл – Президент тарапынан үлкен қамқорлық екенін айтты.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Президент жердің асты-үстіндегі байлықтың халыққа тиесілі деп айтқан болатын. Ал енді ұлттық қор сол жер қойынауындағы кірістерден түскен байлықтардан құралады. Бұны әлеуметтік әділеттілік деп айтуға болады. Президент айтқан сөзінде тұратынын тағы да көрсетті. Бұл біздің балаларымыз үшін, үлкен өмірге дайындалуы үшін үлкен өмірге аяқ басатын алғашқы бір баспалдағы.  Президент тарапынан үлкен қамқорлық.