Президент Жолдауын өңір халқы қалай қабылдады?

Мемлекет басшысының кезекті жолдауы қоғамның барлық саласын қамтыды десе болады. Кезек күттірмейтін саяси, экономикалық, әлеуметтік және рухани мәселелерді жіпке тізген Президент оны шешудің нақты жолдарын ұсынды. Бұл жаңалықты аймақтардағы қалың жұрт қалай қабылдап жатыр? Өңірдегі тілшілеріміз әр саланың мамандарын әңгімеге тартқан еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жолдаудың екінші бағдарындағы ең маңызды мәселелердің бірі – қала құрылысын қалыпқа келтіру. Қазіргі күні елімізде сәулет-құрылыс қызметін реттейтін 2500-ден астам құжат бар екен. Оның көпшілігі көнерген, бүгінгі стандартқа сай келмейді. Президент оны біріздендіріп, Үкіметке қала құрылысы кодексін әзірлеуді тапсырды. Әрбір қаланың жер телімдері мен коммуналдық желілері көрсетілген интерактивті карта жасалуы тиіс.

Болат Сыздық, заң ғылымдарының кандидаты:

– Өйткені құрылыс материалдарының сапасы өзгеріп жатыр, құрылысшылардың біліктілігі артып жатыр. Құрылыс техникасы өзгеріп жатыр. Бізге шетелдік, Түркиядан, Еуропадан, Қытайдан, Ресейден құрылыс технологиялары келіп жатыр. Бұл заңнаманың өзгеруін қажет етеді. Осы тұрғыдан келгенде жаңағы 2500 бұрыңғы кеңестік кезеңнен келе жатқан қатып қалған, сіресіп қалған құқықтық актілерді өзгертуге тура келеді.

 

ИГЕРІЛМЕЙ ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР ҚАЙТАРЫЛАДЫ

Қала ғана емес, ауылда да ақсап тұрған шаруа көп, – деді Мемлекет басшысы. Мәселен, қазір Қазақстанда 10 миллион гектардан астам жер игерілмей бос жатыр. Биыл комиссияның араласуымен 3 миллион гектарға жуығы мемлекет меншігіне қайтарылған. Жыл соңына дейін тағы 5 миллион гектар алқап, оны пайдаланбай отырған кәсіпкерлерден тартып алынады. Ал, мемлекетке өткен жер телімдері еңбек еткісі келетін ауылдықтарға берілуі тиіс. Егер Жолдауда жүктелген міндеттер жүйелі жүзеге асса, ауылда бизнестің дамуына жол ашылмақ.

Ғалым Бәйтүк, Көкшетау мемлекеттік университетінің проректоры:

– Ауыл адамдары кейде 1 гектар жерге қол жеткізе алмай отырады. Ал сол аз ғана жер телімін алса, картоп, сәбіз секілді көкөніс түрлерін өсіріп, өз күнін өзі көрер еді. Мал ұстауға да жер керек. Сондықтан Президент айтқан мәселелер оң шешімін тауып жатса, бұл, ауыл халқы үшін өте үлкен жетістік болады.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Бұл жолғы Жолдаудың көп бөлігі әлеуметтік салаға арналған. Соның бірі – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы. Енді 2025 жылға дейін 800 мың бала заманауи білім ошағында оқитын болады. Ең бастысы, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектептер мәселесі біржола шешіледі.

Әділ Сайлаубек, қоғам белсендісі:

– «Жайлы мектеп» жобасын Президент айтты, енді оны іске асыру негізгі мәселелердің бірі болып тұр. Оқушыларға деген көңіл бөлуде олардың техникалық базамен мектеп ішінде кедергісіз білім алуына, тәрбиесіне деген үлкен мүмкіндік болып тұр. Сол мүмкіндікті жіберіп алмауымыз керек деп ойлаймын.

ЖӨРГЕКПҰЛ ТӨЛЕУ МЕРЗІМІ ҰЗАРДЫ

Нәрестелі аналарға берілетін жәрдемақының ұзартылатыны, ұлттық қордан балалардың жеке шотына ақша аударылатыны Қарағандыдағы көпбалалы отбасыларды қолдау ортылығына жиналған аналар үшін күтпеген жаңалық болды.

Жанат Сағадиева, көп балалы ана:

Бес қызым бар енді, міне, алтыншы баланы күтіп жүрміз. Бұйыртса келер жылы. Осы бүгінгі Президентіміздің Жолдауы өте қатты ұнады. Өйткені балалар туғанда 1 жасқа дейін ғана болатын жәрдемақымыз, енді 1,5 жасқа дейін созылып отыр. Ол өте жақсы жаңалық деп ойлаймын әрбір ата-анаға.

Әсел Төреханова, көп балалы ана:

– Ұлттық қордан 50 пайыз балалар есебіне аударылады дегенді естіп көңілімізге қуаныш ұялап жатыр. Балаларымыздың болашағы үшін алаңдамаймыз. Үлкен көмек бұл бізге. Басқа елдерде де бұл тәжірибе бар деп естігенбіз, сол бізге де келіп біздің балаларымызды қолдап жатқанына қуанамын.

ОТБАСЫ ОЙРАН САЛАТЫН ОРЫН ЕМЕС

Отан – отбасынан басталады. Президент жанұядағы зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқанын жеткізді. Себебі жанұядағы жанжалдың соңы ұрыс-керіске ұласып, кейбір жағдайда қайғылы оқиғалармен аяқталып жатады. Салдарынан қаншама бейкүнә бала анасыз қалып, жетімдіктің зардабын тартуда. Сондықтан құқық қорғау органдары отбасылық зорлық-зомбылыққа баса назарын аударып, жазаны күшейту керектігін қадап айтты.

Нұркен Аралбеков, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Отбасы және жастар ісі» бөлімінің басшысы:

– Қалай болғанда да отбасында ойран салып, бала-шағасы мен жұбайын таяққа жығатындар біздің қоғамда әлі де көп. Сондықтан өз отбасын аямағанды қоғам неге аяу керек? Неге ай мен күннің аманында бейкүна адамдар зардап шегуі тиіс? Өз-өзіне қол жұмсау қайдан шығады? Отбасында береке болмаса, үнемі таяққа жығылып, кемсітушілікке ұшыраған бала ертең қоғамға да сыйыса алмайды.

Сондай-ақ бұл күні Президент жұмыссыздықты жойып, төменгі жалақы мөлшерін 70 мыңға жеткізуді, ұлт саулығын арттыруды, әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыруды тапсырды. Тағы бір ақжолтай жаңалық – шетелдерден әкелінген көліктерді заңдастыру үшін утиль алым мен алғашқы тіркеуге төленетін қаржы көлемі 200-250 мың теңгеден аспайтын болды.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Жандос Жұмабек, Дәмір Берікұлы