Бағаға бақылау бола ма? – Түркістан

Мемлекет басшысы өз жолдауында азық-түлік қауіпсіздігі, бағаны тұрақтандыру, халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге ерекше назар аударды. Баға саясаты бақылаудан шығып, қымбатшылық қос бүйірден қысқан қазіргі уақытта халықтың қарнын тойдырып, азық-түлік бағасын реттеу кезек күттірмейтін мәселе, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жетісайлық диқандар жүзім шаруашылығын дамытуда. Биыл 448 гектарға жүзім егіп, одан бес мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Алайда шаруалар дайын өнімді қайда өткізеді? Нарықта жүзім бағасы қалай? Халыққа қол жетімді ме? Әлде барлығы пайда үшін экспортқа жөнелтіледі ме? Осы сауалды Абай ауылында 5 жылдан бері жүзім өсірумен айналысатын шаурашылық басшысына қойдық. 

Раух Непалиев, шаруашылық басшысы:

Дайын өнімді Шымкент қаласындағы базарларға өткіземіз. Олар бізден келісін 225-300 теңгеден көтерме бағамен сатып алады. Бағаның төмен болуының бір себебі мұнда Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан жүзім көп келеді. Сондықтан арасында Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларына жібереміз. Ол жақта баға жақсы. Ресейге шығарсақ деген де ойымыз бар.

Түркістан облысында алма шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Өңірдегі қарқынды баудың жалпы көлемі 4 мың гектардан асады. Биыл бағбандар одан 50 мың тонна жеміс жинауды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 мың тоннаға артық. Алайда кейбір бағбандар биыл алманың жылдағыдан ерте пісіп жатқанынын айтады.

Икрам Розақұлов, бағбан:

Әлі алманың сезоны басталған жоқ. Бірақ төгілу көп болып жатыр. Шығын көп. Енді қанша сатамыз білмеймін. Келісі 120-150 теңгенің арасында болып жатыр.

Саудагерлер дайын өнімді көтерме бағамен алғанымен сауда орындарында алманың келісі 400-500 теңге. Бұдан бөлек, бақша, көкөніс дақылдары мен жеміс-жидектің де бағасы 10-15 пайызға өскенін байқауға болады. Ал жаз ортасындағы қант тапшылығы еліміз бойынша күрделі мәселеге айналды. Одан бөлек өсімдік майының да бағасы көтерілді. Жыл басында 630-650 теңгеден сатылған сұйық май қазір базарларда 720-740 теңгеден саудаланып жатыр. Қымбатшылық әсіресе, қарапайым халықтың қалтасына ауыр тиді.

Әсет Рахматулла, қала тұрғыны:

– Азық-түлікті бұрын байқамаппын. Әсіресе, қант. Қант қанша екенін білмегем, сөйтсем, кей жерде 1000-800 теңге екен. 5 мың теңгеге 1 пакет зат қана аламын. Ет те, аптасына 1-2 рет қана етпен тамақ ішеміз. Қонаққа етке шақырса, қуанатын болдық. Ет жейміз деп. Бәрі қымбаттап жатыр.

Мамандар өзімізде өндірілетін азық-түлік өнімдері бағасының өсуі – арадағы алыпсатарлардың әрекеті десе, сырттан тасымалданатын тауарлардың қымбаттауына әлемдегі саяси оқилардың салқыны тиіп жатқанын айтады. Белгілі журналист Тельман Бейсен бағаны тұрақтандыру үшін мемлекеттік деңгейде жүйелі жұмыс жүргізілуі керек дейді.  

Тельман Бейсен, журналист:

Сырттан тауар тасимыз, сондықтан қымбаттауы заңдылық. Себебі біз тәуелдіміз. Әлемде доллар бағасы, басқа да құнды қағаздар өссе, міндетті түрде тауар бағасы көтеріледі. Ал енді қымбатшылықты тоқтатудың бір жолы жалақыны жәй ғана көтеріп қою емес, керісінше ол бағаны көтеріп жібереді. Сосын әр науқанда тауарына байланысты көтеріледі. Қазір егін науқаны жанармай қымбат.

Түркістан облыстық тұрақтандыру қоры жыл басында халық көп тұтынатын әлеуметтік азық-түлік бағасын қымбаттатпай ұстап тұру үшін тасымалдаушы кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие түрінде 1 млрд теңге қаржы бөлген. Оған Үкімет қаулысымен бекітілген 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары сатып алынады.  

Қуаныш Қайратұлы, облыстық тұрақтандыру қоры департаментінің бас менеджері:

Наурыз айында 136 тонна қант сатып алынды. Қазіргі таңда соның 114 тоннасы қалды. Айналыс схемасы бойынша 480 теңгеден жеткізіп беріп отырады. 2460 тонна картоп, 200 тонна пияз, 861 тонна сәбіз бар. Тауық жұмыртқасын 34 теңгеден тасымалдап жатыр. Қазіргі таңда барлық өнім бар, тапшылық жоқ. Барлығы жеткілікті.

Жауапты мамандар әзірге қажетті азық-түлік тауарларының бағасы өспейтінін айтып, сендіруде. Алайда «Үйдегі көңіл күйді базардағы нарық билейді» демекші, қазір халықтың қалтасы жұқа, көңілі алаң. Көбісі жалақыдан жалақыға дейін «шықпа жаным, шықпа» деп әзер күнелтуде. Бар тапқаны бала-шағаның ас-ауқатынан аспайтын да отбасылар жетерлік. Қазір халықтың көбісінің көкейінде «Жаңа Қазақстанның» естейтін үкіметі бағаны қашан тұрақтандырады деген жалғыз ғана сауал бар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш