Қарағанды облысында ауыз су бағасы төмендетілді

Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы «Балқаш Су» кәсіпорны жалпы сомасы 81,2 млн теңгеге коммуналдық желілерді жөндейміз деп сметалық құжат жасап, алайда оны іс жүзінде орындамаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осылайша «Балқаш Су» өкілдері тұтынушыларды шығынға батырып, өздері негізсіз пайдаға кенелген. Енді жеңіл жолмен келген қаржы уақытша компенсациялық тариф негізінде тұрғындарға қайтарылады.

Еске салсақ, ел Президенті халыққа жолдауында бұдан былай мемлекеттің баға белгілеуге араласуынан кезең-кезеңімен бас тарту керек екенін айтқан еді. Бірақ осыған қарамастан монополистердің тарифтері қатаң бақылауда қалатынын ескертті.

Мәлика Күсенбаева, «Сарыарқа – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Қарағанды облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі және табиғи монополияларды реттеу департаментінің ұсынысы негізінде қазіргі кезде ауыз су мен кәріз жүйесінің тарифі төмендетілді. Судың бір текше метрі бұрын 123 теңге болған болса, қазір 109 теңге, кәріз жүйесі 37 теңгеден 31 теңгеге дейін арзандатылды.