Қызылорда облысында тұрақтандыру қорындағы өнімдер бұзылып кеткен 

Қызылорда облысында тұрақтандыру қорындағы өнімдер бұзылып кеткен 

Былтыр Қызылорда облысында тұрақтандыру қорындағы 200 тоннадан астам пияз, 44 тонна сәбіз бен 6 тонна қырыққабат тұтынуға жарамсыз болып қалған. Себебі сақтау талаптары өрескел бұзылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп әлеуметтік маңызы бар агроөнімдер дүкен сөресіне дейін жетпеген. Одан бөлек, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының азық-түлік тауарларын нарық бағамынан жоғары бағада сатып алғаны әшкереленді. Карантин кезінде картоп пен сәбіз 39 миллион теңге қымбат алыныпты. Тиімсіз жобаларды қаржыландырған «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы бизнесті дамытуға бағыттаған 3 миллиард теңгесін қайтара алмай отыр. Бұл бағытта несие төлеуші кәсіпкерлерге қатысты 150 іс сотқа жолданды. Жалпы тұрақтандыру қорының соңғы 3 жылдық қызметіне талдау жүргізген жұмысшы топ мекеме басшылығының бос лауазымдарға мамандарды іріктеу тәртібін де дұрыс ұйымдастырмағанын анықтады.     

Нұржан Оспанов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің өкілі:

– Біз сыбайлас жемқорлыққа әкелуі мүмкін деген 20-дан аса ұсыным бердік. Соның алдын алу және жою бойынша ұсыным бердік.

Ғабит Тобажанов, «Байқоңыр» ӘКК өкілі:

Соның 14-15 орындадық. Қалғаны уақыт талабына сай орындалатын дүние. Келісімшарттарға өзгеріс енгізу, қызметкерлердің функционалдық міндеттерін ауыстыру, сотқа беретін талап-арыздарды беру, бақылауды күшейту, JPS камера орнату оған шамалы қаражат керек.