Астана атауын қайтару ұсынылды

Елорданың атауын бұрынғыша Астана деп атау керек. Соңғы уақытта көпшілікте жиі айтылып жүрген тақырып Мәжіліс қабырғасында көтерілді.

Парламенттің төменгі палатасындағы «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері осындай ұсыныс жасады. Олар бас қаланың «Астана» атауын Ата Заңға енгізу керек деп есептейді. «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының мүшелері Президентті 7 жылға бір мерзімге сайлау бастамасын да қолдайтындарын жеткізді. Сонымен қатар жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың күзінде Мемлекет басшысының сайлауын өткізуді құптады. 

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біріншіден, біз Қазақстан Республикасы Президентін жеті жылға бір мерзімге сайлау бастамасын қолдаймыз. Екіншіден, Конституцияға өзгерістерді қазір енгізіп, Президент сайлауын жаңа талаптарға сәйкес осы жылдың күзінде өткізу қажет деп санаймыз. Жалпы бұл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елімізді орнықты дамытуға жол ашатын маңызды қадам. Үшіншіден, Конституциямызға өзгеріс енгізетін болсақ, онда осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Ата Заңға тағы бір аса маңызды мәселені енгізу керек. Ол елорданың атын қайта қайтару. Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын халықта қабылдамады. Сондықтан Тұңғыш Президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді. Бұл Тұңғыш Президенттің бас қаламыздың құрылысын салдырудағы еңбегін де бағалау және халқымыздың ұсыныс-пікірін де ескеру.