Елімізде таза тұқымды тазы мен төбет аз

Константин Плахов 30 жылдан бері тазы мен төбетті зерттеп келе жатқан ғалымдардың бірі. Қазір беделді зоолог Алматы облысында тұрады. Зерттеумен қатар, иттің осы тұқымдарын асыраймын деген азаматтарға ғылыми кеңес береді. Мысалы, ғалымның айтуынша қазақ тазысының тұрпаты еуропалық тұқымдастарына қарағанда өзгешелеу. Арқасы тегіс, салмағы жеңіл, тықыр жүнді, басы ұзын, тұмсығы үшкір келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның арқасында аңның иісін алыстан сезіп, ұзақ қашықтыққа талмай жүгіреді. 

Константин Плахов, Зоология институтының зертхана жетекшісі:

- Қазіргі уақытта тазы деп аталып жүрген мыңнан аса ит болуы мүмкін. Соның ішінде тазақанды, нағыз тазының саны 100-150 болса жаман емес. Ал, төбеттердің саны тіптен аз. Шаруалардың көбі иттерін төбет деп жүр. Мысалы, тоқсаныншы жылдары мұндай тұқым жоғалып кетті деген. Қазір бар екені дәлелденді. Соның ішінде таза қандысы саусақпен санарлық болуы мүмкін.

Президент тапсырмасынан кейін арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Ол тазақанды тазы мен төбеттің генофондын ғылыми зерттеуді нысаналы қаржыландыру мүмкіндіктерін тауып, мемлекеттік қолдау түрлерін қарастыру мәселесін шешеді. Заңнамалық нормалар пакетін әзірлеп, Халықаралық кинологиялық орталықта тазы мен төбеттің шыққан елі ретінде Қазақстанды көрсетуге күш салады. «Осы жағдайлар шешілсе тұқымды сақтауға мүмкіндік көбейеді»,-дейді ғалым. Константин Плахов төбеттіңде ерекшеліктерін айтып берді.

Константин Плахов, Зоология институтының зертхана жетекшісі:

- Төбеттің алабайдан бір қарағанда айырмашылығы аз. Бірақ қазақ итінің тұрпаты жіңішке әрі ұзындау келеді. Ал, жақ сүйектері мен азулары ұқсас. Түркімендерде малшылар жайлаудан қыстауға көшіп, қонып өмір сүрмегендіктен иттері жұмыр. Ал, қазақтың төбеті ұзақ жолға арналғандықтан дене пішіні жіңішке, ұзын, сүйегі жеңіл келеді.

Ғалымның айтуынша, тазының бейнесі біздің заманымызға дейінгі 12-10 мыңжылдықтардағы петроглифтерде кездеседі. Тарих қойнауынан бүгінге жеткен тазы мен төбетті ұлттық құндылық ретінде сақтап қалу бүгінгі ұрпақтың міндеті. 

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов

 

Сондай-ақ...