БҚО-да мал азығы дайындалып жатыр

БҚО-да мал азығы дайындалып жатыр

Алыстан «менмұндалап» тұрған қос құрылғы кешқұрым іске қосылып, түнімен шабындықты суарады. Үш жыл бойы құрғақшылық қыспаққа алып, қыстан қымтырылып шыққан шаруа Ерболат Құрманғалиев осы әдіске көшуге мәжбүр болыпты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол түркиялық жабдықтарға тапсырыс беру үшін 120 млн теңге несие алған. Әйтеуір тәуекел түбі табысқа жетеледі. 80 га алқапқа егілген судан шөбі аз уақыт ішінде қаумалап өсіп, шаруа бір рет орып үлгерген. Енді екінші шығымын күтіп отыр. Бұған қоса тағы бір 80 га жерде жоңышқа өсіріліп жатыр.

Ерболат Құрманғалиев, қожалық басшысы:

- Екі мың центнердей шөп алдық. Қазір екіншісін суарып жатырмыз. Ал жоңышқаны кішкене жай егіп қалдық. 26 июнь күні егілді жоңышка. Тұқымның жай келуіне байланысты. Егін егіп көруге де болады. Оның бәрі суға байланысты. Жайықта су көп болып, каналда су болатын болса, ол құрылғыларды бірінен кейін бірін қоя беруге болады ғой жайлап-жайлап.

Қожалықта сиыр, қой және жылқы өсіріледі. Әрқайсысының саны мыңнан асып жығылады. Сондықтан мал азығын дайындау шаруа үшін едәуір қиынға соғып келеді. Шабындыққа орнатылған қос құрылғының ұзындығы 500 метрден. Яғни, жаңбырлатып суару радиусы бір шақырымға тең. Тіршілік көзі қожалық маңындағы каналдан келіп тұр. Фермер гидрожүйе іргесінен сыйымдылығы 20 мың текше метр болатын су қоймасын қаздырып, шабындыққа құбыр тартқан. Жабдықтар компьютермен басқарылады. Ылғал мөлшері мол болуы үшін құрылғылардың қозғалыс жылдамдығы сағатына 40 метрге қойылған.

Азамат Имашев, қожалық операторы:

- Кешкісін сағат бестерге қосамыз. Күн ысығанда қайттан айырып тастаймыз. Скоростты қырыққа қойып қойдық. Сағатына 40 м жер жүреді. Елуге, алпысқа қоюға болады, жүзге дейін барады.

Биыл аймақтағы өзен-көлдерге су мол келіп, суармалы жерлердің ылғал мөлшері едәуір артты. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ағымдағы жылы шабындық маусымының өнімділігі артқан.

Қайыржан Өмірәлиев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Мал қыстағына кіруге жоспарланып отырған 1 млн 22 мың шартты мал басына 1 млн 940 мың т шөп дайындау жоспарланып отыр. Бүгінгі мәліметке сәйкес, облыс бойынша 2 млн 706 мың га шабындық шабылып, облыстағы орташа өнімділік гектарына 6,2 ц құрап отыр. Күні бүгінге 1730 т мал азығы әзірленіп, бұл жоспардың 80 пайызын құрап отыр.

Сонымен қатар өткен жылдан қалған мал азығы қорында 142 мың тонна шөп сақталған. «Мұны қосқанда жалпы қажеттіліктің 96%-і дайын» дейді мамандар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов