Жамбыл облысының диқандары жәрмеңкеде 500 тоннаға жуық өнім ұсынды

Қыс қыр астында. Тұрғындардың азық-түлікпен қамданатын кезі жетті. Ал бұған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі мол мүмкіндік береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аптаның демалыс күндері әдеттегідей елордалықтарға алыс-жақын аймақтағы шаруалардың өнімі ұсынылады. Бұл жолы ел астанасындағы жәрмеңкеге Жамбыл облысында өндірілген тауарлар қойылды. Жамбыл облысының диқандары елорда тұрғындарына 500 тоннаға жуық өнім ұсынды. Оның ішінде 47 тонна ет, 38 тонна сүт, 10 тонна кондитерлік өнімдер және 336 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек бар. Одан бөлек, жұмыртқа, шұжық, макарон өнімдерін де әкелген.

Ербол Жиенқұлов, Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күнге біздің Жамбыл облысында өндіріліп жатқан өнімдердің барлығы толық түнде осы жерге алып келіп, нарықтық Нұр-Сұлтан қаласындағы нарық бағасынан 15-20 пайызға сатылуда. Бізде енді пияз өте үлкен ауқымды көлемде өнім алып отырмыз.

Иә, қазір Жамбыл облысы пиязбен ішкі нарықты толық қамтып, өнімдерін экспортқа да шығарып отыр. Елордадағы жәрмеңкеде өңірдің басты өнімі де сөреге қойылды.

Дархан Әліпбаев, диқан:

– Пияз – Жамбыл облысының бренді. Біздің Шу ауданында 13 мың гектарға жуық пияз өнімі егілген. Халыққа қолайлы бағада өткізіп жатырмыз. Ешістіктен тікелей осы жәрмеңкеге әкеліп тұрмыз.

Өңірде мақсары майы да өндіріледі. Кәсіпкердің айтуынша, елде бұл тауардың баламасы жоқ. Сол себепті сұраныс та жоғары. Тіпті тауар Жапония, Қытай, Иран, Германия елдеріне дейін экспортталады.

Қанат Болатқұлов, кәсіпкер:

Асқазанға аш қарынға чайный ложкамен ішсе де болады. Тамаққа да, салатқа да, тоқаш пісірсе де болады. Пайдасы зор. Өзіміз өндіреміз.

Жамбыл облысында жыл басынан бері 161 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 500 млрд теңгеге жеткізу жоспары бар.

Авторлары: Бекзат Аманов, Ақылбек Есімсейітов