ШҚО-дан алтын іздеушілер айылын жия ма?

Шығыс Қазақстанда алтын іздеушілердің арыны басылмай тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл жазда екі бірдей алтын өндіру комбинатының құрылысы жайлы әңгіме ұшы шыққан.Бұл жергілікті жұртты қатты алаңдатты.  Оның бірі Күршімдегі Маралды, екіншісі Самар ауданында. Алайда екі жақта да тұрғындар бұл бастамаға үзілді кесілді қарсы. Алтынның соңынан жүргенде тұмса табиғаттың түбіне жетеміз бе деп алаңдайды ондағы ел.

Әділ Қожықов, Маралды ауылының тұрғыны:

- Ауылымызды түгел шаң басып кетті. Ауылдың адамдары демалудан қалды. Бәрі үйлеріне тығылып. Қазір басталмай жатып осылай. Фабрика басталса не болады.

Расымен де жұрт шошырлықтай себеп көп. Мәселен Самардағы  Құлынжон өзенінің маңын біз бір емес бірнеше рет түсірдік. Қымбат металлды өндірмей жатып, жай ғана барлаудың өзі қоршаған ортаға орасан зардабын тигізген. Бұған жергілікті қоғам белсенділері де куә. Бүгін олар өз ойларын экология министріне ашық жеткізді.

Александр Федосов, ауылдық қауымдастық төрағасы:

- Құлынжон өзені ғана емес сол маңдағы  құнарлы жердің бәрі қазылған. Қайта қалыпқа келтіру жұмыстары істелмеген. Сондықтан осындай кәсіпкерлерге лицензия  беруде  оларға қойылатын жауапкершілік пен талапты қатаңдату керек. Бақылауды да күшейткен жөн.

Күршімдік табиғат жанашырлары да министрге өз арыз шағымдарын ашып айтты.Осылайша жуық арада ол жаққа арнайы комиссия жіберілетін болды.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Біз ол жаққа орталық аппараттағы экологиялық бақылау комитетінің төрағасын, су ресурстары сонымен қатар орман шаруашылығы және жануарлар әлемі бойынша мамандарды жібереміз. Сондықтан әр тарапты және әділ зерттеу жасалады деп ойлаймын.

Дегенмен бұл шаруаны түбегейлі ретке келтіру үшін заңға өзгерістер енгізілу керек дейді министр. Ал әзірге барлық жағдайды ерекше бақылауға алуға уәде берді.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов