Түркістан облысында алыпсатарлық асқынып тұр

Қазығұрттық Нұрболат Құраловтың 500 гектар бау-бақшасы мол өнім берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алманың әр гектары 45 тоннаға жуық жеміс салса,  жүзім мен шабдалы, алхоры мен шие ағаштары да пісіп жетіліп тұр. Бірақ сұраныс аз. Өйткені сауда сөрелеріндегі баға аспандап тұрғынымен делдалдар арзан алғысы келеді,-дейді.

Нұрболат Құралов, бағбан:

- Өзіміздің қоймамызда 250-300 теңгенің арасында алманы сатамыз. Супермаркеттерде 700-ден 1500 теңгеге дейін барады. Бұл кішкене түсініксіз жағдайлар. Мүлдем біздің экономика заңдылығы жүрмейтін сияқты.

Бағбандардың айтуынша ала жаздай бақша басында жүрген олардан алыпсатарлардың табысы екі есе көп. Сорақысы сол тауар бағасын негізсіз өсіріп, қолдан қымбатшылық жасап жүрген де делдалдың ісі,- дейді олар.

Нұрболат Құралов, бағбан:

- Өндірістен сөреге дейін барды. Сөреден әрі қарай тұтынушыға ол бағамен жетпеді. Өндірістен тұтынушыға деген программа болған дұрыс болады мұнда. Сонда тұтынушыға дейін жететін бағаны реттеп, соған дейін контроль жасалса сонда дұрыс болатын еді.

Бақша өнімін өндірушілер көбейгендіктен нарықта тауарға қойылған талап та қатаңдады. Шарулар жеміс-жидектің көлемі мен түр-түсі бағаға едәуір әсер ететінін айтады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Бағбандар, бау-бақшадан қалдық шығармай жемісті қайта өңдеуге де басымдық берді. Дәл осындай реңі қашқан жеміс туралып, өңдеуден өтеді. Осылайша маусымында 150 тонна өнім күн көзіне кептіріліп, қақталатады.

Жылжай шаруашылығында еңбек еткен диқандар да шығынды әзер ақтайтынын айтады. Себебі нарықтағы баға құбылып тұр. Сондықтан мемлекеттен берілетін субсидия мен салық жеңілдіктеріне зәру. Ал жеке бас пайдасын ойлаған алыпсатарларды тыю үшін әлем елдерінің тәжірибесін негізге алу керек,-дейді.

Тұрсын Тасқожа, диқан:

- Шетел мен басқа мемлекеттерде қолданып жатқан системаны алып келіп, бізге де қою керек. Турцияда болдым. Олар Халалға алып келеді өнімдерін. Сол жерде сатып алушылар тұрады. Өздері келісіп оптом алып кетеді. Өздерінің сататын жеріне апарады. Ортада жаңағы делдалдар жоқ.

Жауаптылар алыпсатарлық – нарық тепе-теңдігін бұзып, қоғамда қымбатшылық туындататынын біледі. Бірақ оны реттеуге құзірет жоқ. Сондықтан облыс аумағында бағаны бақылау тек әлеуметтік маңызы бар 19 тауар түріне ғана жүргізіледі.

Азамат Мұхтар, облыстық Кәсіпкерлік және сауда басқармасының бас маманы:

- Сараптама нәтижесінде үй жанындағы 1462 дүкенде мониторинг жүргізіліп, 38  бұзушылық анықталды. Құқық қорғау органдары мен тұтынушылардың құқығын қорғау департаментімен бірлесіп, бұл келеңсіздіктерді жойдық. Баға өсімін байқаған жағдайда бізде айыппұл салу мәселесі қарастырылмаған.

Облыс аумағында өндірістен шыққан өнім тұтынушыға тіке жету үшін ауылшаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі. Бірақ шаруалар бұл шара мәселені түбегейлі шеше алмайды,-дейді. Сондықтан өнімді көрші елдерге саудалау анағұрлым қолайлы екенін айтады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы