Еңбегімен еленген қарағандылық отбасы

Тельман ақсақал сексеннің үшеуіне шықса да,егістік басына барып, мұндағы шаруаны өзі қадағалайды. Кезінде бірқатар жауапты қызметтер атқарып, кейін балаларын да осы іске баулыған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір ұлдарының бірі Алпыс егін егуді табыс көзіне айналдырыпты. 27 жыл бұрын алғаш 100 гектар жерге егін еккен. Қазір мемлекет қолдауымен техника алып, кәсібін кеңітуге де мүмкіндік туыпты.

Алпыс Әлімбаев, шаруа қожалығының басшысы:

- 100 гектармен өсетіндей жағдай болмады. Онымен шаруаны көтеру қиын екен. Қазіргі жағдайда 3 мың гектарға жеттік. Болашақта сол жер технологиясын дамыту жоспары бар, мына жақ полеге удобрения салғанбыз, оған да Үкіметтен.

Егіндікте он шақты ауыл адамы тұрақты жұмыспен қамтылған. Соның бірі - Талғат Әбиев. 79-шы жылдан бері комбайн тізгіндеп келе жатқан ол қазір ішінде ауа баптағышы бар, кең, таза комбайнды жүргізеді. Биыл 43-рет егін жинау науқанында жүр. Оның 22 жылын осы шаруа қожалығында өткізіпті.

Талғат Әбиев,  комбайн жүргізушісі:

– Көктемгі еңбегімізді күзде жинап жатырмыз, бірақ ауа райына байланысты егін сондай мәз емес, бәрі бір қандай болса да еңбегіміз ғой, алуға тиістіміз. Бір күнде қанша жерді шауып өтесіз мынамен? Енді қазір жақсы жүрсе 50-60 гектар жүруге болады.

Қожалық өкілдерінің егіннен өзге мал шаруашылығы бар. Ірі қара мен жылқыны қоса есептегенде 500 басқа жуық мал өсіріп отыр. Ал, жергілікті билік өкілдері болса,   Әлімбаевтар жанұясы ауылдың нағыз жанашырлары екенін айтады.

Нұргүл Әубәкірова, Нұра ауданы Ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Әлімбаевтар отбасы – өз шаруа қожалығы иелері. Ауданның дамуына өз үлесін қосады. Демеушілік етеді. Мектепке жол тағы басқа акцияларға қатысып, тағы басқа көпбалалы аз қамтылған отбасыларға демеушілік көмегін көрсетуде.

Тельман ақсақал мен Күлпан ана қазір 8 баладан 20-дан астам немере, 6-7 шөбере сүйіп отыр. Айтпақшы осы қыркүйекте бір кезде іргесін өзі қалаған мектепке Тельман ақсақал егіз немересімен қатар тұңғыш шөбересін де жетектеп апармақ.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар