Елордалық еріктілер Қостанай өңіріне қолдау көрсетіп жатыр

Алапат өрттің ортасында қалған қостанайлықтарға елорда тұрғындары да көмек қолын созуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кешеден бері еріктілер қажетті заттарды жинап жатыр. Игі шара бүгін де жалғасын табады. Елордалық штаб өкілдері бұл іске белсене атсалысуда. Кешеден бері тұрғындар өрттен зардап шеккендерге қолында барын әкеп жатыр. Бір күннің ішінде 22 мың тонна азық-түлік пен киім-кешек жиналды. Оны ұйымдастырушылар 8 жүк көлігіне  тиеп жолға шықты. Түнгі сағат 9 шамасында аттанған гуманитарлық көмек, бүгін Қостанайға жетті.

Қайрат Қамбаров, қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы:

– Кімдер келіп жатыр десек, бұл қаланың тұрғындары. Жай ғана тұрғындар, жастар, волонтерлер. «Аманат» партиясының жастар рухы  қанаты. Сондай-ақ қалалық бүкіл жастар. Соның барлығы бірлесіп, осы шараны ұйымдастырып отырмыз.

Игі шараға кез келген тұрғын атсалыса алады. Еріктілер әлеуметтік желілер арқылы гуманитарлық көмек жинайтын орталықтардың мекен-жайын жазып қалдырды.

Сақтаған Сәдуақасов AMANAT партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысының бірінші орынбасары:

– Осы Нұр-сұлтан қаласы бойынша біздің қалалық «Аманат» партиясының филиалы. Мекен жайы Тәуелсіздік 3. Осы жерге әкеліп, керек нәрселерді тапсыру болады. Осы жерде күндіз-түні біз осы ғимаратқа жинап, әрі қарай келесі күні машиналарды осында әкеліп тиейтін боламыз.

Қостанай жұртшылығына елордалықтар тек гуманитарлық көмек көрсетумен шектелген жоқ. Бір топ белсенді автобусқа отырып, сонда жол тартты. Еріктілер зардап шеккен тұрғындарға қолғабыс етпек.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы