Сарытүбек – Ыстамбұл: Ұлт ұстазына арналған велошеру

Сарытүбектен Ыстамбұлға дейін велосипедпен жету. Арнамыздың тілшісі Ернат Мелсұлы ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай халықаралық велошеру ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол 55 күнде соло әдісімен, яғни, жалғыз өзі тек қос дөңгелекті серігімен Түркияның Ыстамбұл қаласына жетпек жоспарда. Бүгін әріптесіміз Ахмет Байтұрсынұлының туған ауылы Сарытүбектегі әулет қорымына барып, ауыл ақсақалдарының батасын алды. Ұлт ұстазының қайда жерленгені белгісіз, бірақ ол Алматыда атып өлтірілген болатын. Сол жерден топырақ алынып, бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде Сарытүбектегі әулет қорымына салынды. Әріптесіміздің ұлт ұстазына арналған вело-марафоны да осы жердеу бастау алды.

Ернат Мелсұлы, әуесқой веломарафоншы, «Хабар 24» арнасының тілшісі

– Бұл велошеру құдай қаласа, 5 мың 550 шақырымға созылады. Оны 55 күнде деп топшылап отырмын. Қостанай – Ақтөбе – Атырау– Ақтау – Құрыққа дейін велосипедпен барамын. Құрық айлағынан Каспий арқылы Бакуге дейін кемеге отырамын. Сосын Бакуден қайтадан осы темір атқа отырып, Бакуден Әзербайжан аумағы арқылы әрі қарай Грузия, Тблиси, сосын Түркия Анкара, Ыстамбұлға дейін барамын. Құдай қаласа, Ыстамбұл қаласында Гүнешлі зиратындағы Мұстафа Өзтүрік ағамыздың зиратында түйіндейміз.