Зиялы қауым өкілдері Алаш қайраткерлерінің ескерткішіне гүл қойды

Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде әлемнің бірнеше елінде кеңінен атап өтіліп жатыр.

Мерейтойлық іс-шаралар ел астанасында да ұйымдастырылды. Бүгін таңертең қазақ зиялы қауымының өкілдері Алаш қайраткерлеріне арналған ескерткіш алдына гүл шоқтарын қойды.

Бүгін Ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ол - қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, төл терминологияны құрастырушы ғалым, публицист, мемлекет қайраткері. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған Алаш көсемінің рухына тағзым ұрпақ алдындағы қастерлі міндет.

Қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысының рухына бас ию әр азамат үшін парыз, – дейді шараға қатысушылар. Гүл шоғын қою рәсіміне ел Үкіметінің мүшелерімен қатар белгілі алаштанушы, байтұрсынтанушы ғалымдар, зиялылар қатысты. 

Ербол Тілешов, "Тіл-қазына" ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры:

- Осыдан 150 жыл бұрын Торғайдың қасиетті даласында Ахаң дүниеге келді. Бүкіл Қазақстанда осы мереке тойланып жатыр. Бүгін рухтың жасампаздықтың мерекесі. Ахаңның қазаққа істеген жақсылығын айтар болсақ, бүгін мәдени-интеллектуалдық, ғылым мен білімнің мерекесі. Қазақтың білімі мен мәдениетінің өресі кеңейіп жатыр. Оның еңбегі сол заманда қалған жоқ, ұлтқа қалам ұстатқан адам, мәдениетті көтерген адам. Жазу мәдениеті арқылы қазақ халқын жаңа мәдени сатыға көтерген адам. Жасампаз жастарымыз Ахаңның тағылымын алып елімізді дамыта берсін. 

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген. Таңдамалы еңбектері орыс, ағылшын, түрік тілдеріне аударылуда. Елімізде гуманитарлық ғылымдар саласындағы «Ахмет Байтұрсынұлы» мемлекеттік сыйлығы тағайындалады.

Рухани Асқар, Ырыстанбек Оспанов