Агротехникаларды жаңартуға қаржы керек

Президент Жолдауында банктердегі триллиондаған теңгенің іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей, босқа жатқанын сынға алды. Оның сөзінше, отандық бизнес несие ресурстарының тапшылығын сезініп отыр. Ал шаруалар не дейді? Экономика жаңалықтарының шолушысы Мерей Мұратханқызынан білейік. Елде ауыл шаруашылығы техникаларының 80 проценті ескірген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құзырлы министрлік мұны жыл басында мәлімдеген еді. 9-ншы айға табан тіредік. Сала өкілдері жағдайдың өзгере қоймағанын айтады. Астық одағының ресми өкілі Евгений Карабанов парктерді құртып алмау үшін жыл сайын 10-12 процентке жаңартып отыру қажет дейді. Алайда, қаражат тапшылығы қол байлайды. Шаруалар банктерден күдер үзгелі қашан. Мәселені мемлекет басшысы да көтерді. Оның сөзінше, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға 42 млрд доллар керек. Сын түзелді, мін де түзелуі тиіс қой. Тек қаржылық сарапшылар қуануға ерте дейді. Арман Бейсембаевтың айтуынша, банктер экономикалық тұрақсыздық пен сыбайлас жемқорлық тәуекеліне байланысты бизнеске жоғары талап қойып отыр. Үдеден шыға алмайтындарға несие берілмейді.

Арман Бейсембаев, қаржылық сарапшы:

- Екінші деңгейлі банктерді бизнесті қолдауға міндеттеу де қиын. Себебі олар қаржысы қайтарылмай қалған жағдайда, мемлекеттен өтемақы алуға кепілдік талап етуі ғажап емес. Банк те өз пайдасын ойлайды. Ұлттық банк бекітіп берген мөлшерлемеден төмен несие ұсыну тиімсіз. Осылайша тағы да бюджетке иек артамыз. Өзгерген ештеңе жоқ.

ШАРУАЛАР ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ НЕСИЕ СҰРАЙДЫ

Тамызда іске қосылған жеңілдетілген лизингтік бағдарлама аясында шаруалар 369 ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Бағдарламаны жүзеге асыруға 40 млрд теңге бөлінген. 30 млрд-ы "Жасыл Даму" қаражаты. Бағдарламаға сәйкес әр шаруа  елде құрастырылған техниканы алғашқы жарнасыз 6 пайызбен сатып алуға құқылы. Алайда, астық одағындағылар мәселені шешу үшін салаға арзан әрі ұзақмерзімді несие қарастырылуы керек дейді.

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ САЛАСЫН НЕСИЕЛЕУ

Ұлттық банк дерегінше, бір жылда ауыл шаруашылығын несиелеу үлесі 100 млрд теңгеге артқан. Азаматтарға 386 млрд теңге рәсімделді. Қарыздың 2,3 млрд теңгесі шетелдік валютамен, қалғаны төл валютамен берілген. Ұлттық банк белсенді өңірлерді де атап көрсетті. Көш басында Алматы, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Ал Түркістан, Атырау және Маңғыстау облыстарында сала өкілдері несие рәсімдеуге ынта танытпаған.  

МҰНАЙ ӨНДІРІСІ ТӨМЕНДЕЙДІ

Ал ОПЕК ұйымы қазанда мұнай өндірісін тәулігіне 100 мың баррельге төмендету туралы шешім қабылдады. Сөйтіп өндіріс тамыздағы келісім деңгейінде қалады. Ұйым мүшелері 5 қазанда қайта кездесіп, қосымша келісім жасауы мүмкін. Мұнай өндіруді азайту туралы шешім биыл бірінші рет қабылданып тұр дейді мамандар. Отырысқа Қазақстанның энергетика вице-министрі Әсет Мағауов та қатысты. Жаңа міндеттемелерге сай келесі айда елде 1,706 млн баррель мұнай өндіріледі.