Үкімет отырысында жылу беру маусымына дайындық пысықталды

1 қазанға дейін жылу электр орталықтарын отын қорымен толық қамтамасыз ету керек. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов салаға жауапты министрлікке жылыту маусымына дайындық жұмыстарын бір айдың ішінде аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Премьер-министр отын тапшылығына жол бермеу үшін көмір жеткізушілермен белсенді байланыс жасалып, тұрақты мониторинг жүргізілуі қажет екенін айтты. Үкімет отырысында білім ошақтарының да жағдайы пысықталды. Білім беру нысандарының 99 проценті жылыту маусымына тас түйін дайын. Кестеден кешігу процесі тек кей өңірлерде ғана байқалады. Ол Нұр-Сұлтан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары. Аталған өңірлердің әкімдіктеріне білім беру нысандарының дайындығын қамтамасыз етуде шұғыл шаралар қабылдау тапсырылды.