Жолдауда жастарға мүмкіндік мол – сарапшы

«Жолдаудағы Президент бастамалары жастардың шет елге кетуін азайтып, олардың кәсіппен айналысуына мол мүмкіндік береді». Семейде өткен «Сарап» эксперттік клубының аймақтық отырысында сарапшылар осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еркін форматта өткен кездесуде клуб мүшелері қаладағы жоғары оқу орындарының студенттеріне Жолдаудың маңызын түсіндіріп, ойларын ортаға салды.

Қазыбек Майгелдинов, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы:

– Биылғы Жолдаудың басты тетіктері әлеуметтік-экономикалық бағытқа арналған. Соның ішінде жастарға, балаларға қатысты тың бастамалар болды. Жолдауды жастарға жеткізудегі басты мақсатымыз қазақстандық арман деген идеологиялық тұжырым керек.