Аралда бірнеше әлеуметтік нысан ашылды – Қызылорда облысы

Қызылорда өңірінде жаңа мектептер мен балабақшалар желісі көбейіп келеді. Жаңа оқу жылының басында Арал ауданында тағы бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балалар жылында ел игілігіне ұсынылған ғимараттардың ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, өрендерге жылы лебізін арнады. Арал ауданындағы мектебі жоқ шағын ауылдардың оқушылары осы №71-интернатта жатып білім алады. Апатты деп танылған 40 жылғы нысанда оқитын негізінен малшының балалары енді жаңа ғимаратта білім нәрімен сусындайтын болды. Өрендерді құттықтай келген аймақ басшысы өңірдегі 4 апатты мектептің мәселесі толық шешілетіндігін жеткізді.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Алдағы 3 жылда өңірде 20 мемлекеттік мектептің іргетасын қалаймыз. Бүгінгі күні демеушілердің қаражатына салынған жеке мектеп саны 20-ға жетті. Алдағы жылдары инвестор есебінен тағы да 12 мектеп құрылысы жүргізіледі. Ал биылдың өзінде облыста 6 жаңа мектеп бой көтеріп, оның екеуін келер айда, қалған 4-ін жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға беретін боламыз. Апатты деп танылған 4 мектеп мәселесі үшеуінің биыл шешімі табылып, екеуін қыркүйек айында табыстаймыз.

Баян Сансызбай, оқушы:

Шынымен бүгінгі күн мен үшін өте қуанышты күн. Себебі бұрын біз ескі мектепте оқысақ және басқа оқушыларға қызыға қарайтын болсақ, қазір өзіміздің жарық, кең мектебіміз бар. Оқушылардың қамын ойлап, бізге жаңа заманауи мектеп салып берген ағаларға алғыс айтамыз.

Өңір басшысы сондай-ақ Аманөткел ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған нысанда бір мезетте 40 баланың спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Нұрлыбек Нәлібаев Қамбаш көлі маңында ашылған құтқару бөлімшесінің модульдік станциясының жұмысымен танысты.

Мейрамбек Доспенбетов, жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары:

Осы күнге дейін арендада тұрдық лагерьде. Қазір Төтенше жағдайлар департаменті облыс әкімдігіне ұсыныс айтып, облыс әкімінен қолдау тауып, құтқарушыларға бекет соғылды. Құтқарушылар Ақтөбе аумағына дейінгі аумақты қамтиды.

Бұл күні сондай-ақ Жақсықылыш кентінде 140 бүлдіршінге лайықталған жеке балабақша ел игілігіне берілді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин