Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды

Павлодарда Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабының түпнұсқасы табылды. Құнды жәдігерді Бұқар Жырау атындағы облыстық әдебиет және өнер музейіне Аққулы ауданының тұрғыны әкеліп тапсырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төте жазумен жазылған кітаптың 93 беті сақталыпты. Кітапқа енген шығармалардың тізімі де көрсетілген. Әбден ескіріп, беттері сарғайып кеткен туынды ұзақ жылдар Аққулы ауданы Шақа ауылының тұрғыны Нұрлан Қасымовтың үйінде сақталған. Бастапқыда құран кітабымен шатастырған ол мешітке беруге шешім қабылдады. Алайда мешіт қызметкерлері «құран кітабы емес» деп кері қайтарыпты. Одан кейін Павлодар педагогикалық университетінің ұстазы Әділбек Әміреновке оқытып, Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» кітабы екені белгілі болғаннан соң музейге тапсырған. Кітаптың мұқабасы сақталмаған. Сондықтан қай жылы шыққанын дөп басып айту қиын.

Ербол Қайыров, Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің директоры:

– Сұрыптап қарасақ, бұл негізінде үш кітап болып шықты. Соның ішіндегі біреуі осы Ахмет Байтұрсыновтың «Маса» деген жинағы. Бұның ішінде сол «Маса» деген жинақтың ішінде сол кездең хал-ахуалы, тұрмыс-тіршілігі, сол әлеуметтік жағдайы жөнінде жазылған өлеңдер ғой. Оның ішінде Лермонтовтан аудармалар да кіргізілген. Бұл кітап негізі «Маса» кітабы үш рет басылып шығарылған. Бір рет 1911 жылы Орынборда кейіннен 14-ші жылы екі рет басылып шыққан өзінің көзі тірісінде. Сол секілді оның алдында өзінің «Қырық мысал» -деген кітабы шыққан болатын.