Соңғы бес жылда 700-ден астам қазақстандық құлдыққа түскен

Соңғы 5 жылда құлдыққа түскен отандастырымыз жайлы 700-ден аса дерек тіркелді. Оның ішінде шетелге жұмыс іздеп барып, қаскөйлер құрығына ілінген қазақстандықтардың да саны көп. Соған қарамастан сарапшылар алдағы уақытта нәпақа іздеп шекара асатындардың саны артады дейді. Бұл қауіптен қалай сақтанамыз? Шетелде құлдыққа түспеу үшін не істеу керек?

Құлдық. Өркениетке аяқ бассақ та, өзектілігін жоғалтпай тұрған түйіткілдің бірі. Алдымен өзіміздегі ахуалға тоқталсақ, біздің қара нарықта әйелдерге сұраныс көп. Өкінішке қарай, елімізде бұрымдыларды сексуальды құлдыққа салу белең алып барады. Соңғы үш жылдың ішінде 100-ден аса ару дәл осы қылмыстың құрбанына айналды. Сондай-ақ мәжбүрлі түрде еңбекке жегу деректері де көп. Өткен жылы құл базардың саудасын қыздырған 10-нан аса адам қамалса, жыл басынан бері тағы 58 дерек тіркелді. Бұл тек ресми мәлімет. Шын мәнінде, құлдыңқтың қамытын кигендер бұдан да көп болуы мүмкін. Бір ғана мысал, Қазақстанда осы күні 800-ден аса адам із-түзсіз жоғалып кеткен.

Нұрбол Ашақұлов, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің жедел уәкілі:

- Қолданыстағы қылмыстық кодекске сәйкес, адам саудасы үшін ең жоғарғы қылмыстық жауапкершілік 18 жылға дейін бас бостандығын айыру. Еңбекке қанау еңбек мигранттары болып келеді. Ал сексуальды қанауға өзіміздің тұрғындар. Яғни тұрмысы төмен отбасылардан шыққан адамдар болады.

Бұл тек елдегі дерек. Жауаптылардың айтуынша, шекараның арғы жағындағы ахуал да айтарлықтай мәз емес. Жыл сайын әлемде 2,5 миллион адам құлдықтың қамытын киеді. Бұлардың арасында қазақстандықтар да бар. Алаңдататыны сол, сарапшылар алдағы уақытта шетелге жұмыс іздеп шығатындардың саны артады дейді. Тиісінше, сырттағы азаматтардың қауіпсіздігін қорғау да қиындай түспек. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, ел азаматтарына шетелге барып жұмыс істеуді барынша жеңілдету қажет. Сонда оларды бақылау да, қорғау да оңай болады.

Мақсат Халық, экономист:

- Бізде көбінесе азаматтардың кетуі де қиын. Сондықтан да заңсыз кетіп жатқандар болуы мүмкін. Ол жағдайлар әрине кері әсер етеді. Өзге мемлекетке барып бір қиын жағдайға тап болса мемлекет қорғай алмай қалуы да мүмкін. Өзбек азаматтары тез тіркеледі, тез жұмысқа тұрып кете алады. Ал Қазақстанда мұндай мүмкіншіліктер өте төмен. Біздің заңдық нормалардың өзінде көп шектерлер бар. Сол үшін Өзбекстанның тәжірибесін қарауымыз қажет.

Дәл қазір шетелде қанша қазақстандық еңбек етіп жүргені белгісіз. Тиісті министрлікте мұндай дерек жоқ. Ал осыған дейін Англияда жұмыс істеп келген отандасымыздың айтуынша, шекара сыртында заңсыз жүргендер көп. Басым бөлігі күн көріс қамымен сол жақта құжатсыз қалып кетуге дейін барады.

Дінислам Шаймбет ,қала тұрғыны:

- Біз алты бала болып бардық, бірақ екеу болып қайтты. Төртеуі сол жақта қалды. (заңсыз қалды, иә?) Заңсыз нелегально қалды, ол жақта сен 1 апта жұмыс жасаған ақшаңа сенің 1 айдық квартираң, жүріп тұруыңа жетеді. 1 айды барлық затраттарды алып тастағанда миллион миллион екі жүз табасың. 

Ал мамандар болса, ел азаматтарының амандығы үшін қауіпсіз компаниялардың тізімін жасау қажеттігін айтады. Ал шетелге барып еңбек етемін дейтіндерге, келісім-шарт талап ету ұсынылады. 

Бекзат Аманов, Нұрғали Мамырбаев