Павлодар өңірінде алдағы қыста көмір тапшылығы туындамауы тиіс

Павлодар өңірінде алдағы қыста көмір тапшылығы туындамауы тиіс

Жылуға жауапты сала басшылары осылай дейді. Өңірде көмір қоры жеткілікті. Қатты отынның шамамен 10 мың тоннасы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағасы тасымалданатын жердің қашықтығына қарай 8 мыңнан 20 мың теңгенің айналасында саудаланып жатыр. Әлеуметтік мекемелердің барлығы дерлік тапсырысты жеткізушілермен келісім-шартқа отырған. Еске сала кетсек, былтыр Ақтоғай ауданында жауапсыз мердігерлердің кесірінен ауыл мектебінің жылу жүйесі істен шыққан еді. Салдарынан оқушылар қыс мезгілінде қашықтан оқуға мәжбүр болды.

Асхат Жақыпов, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Қатты отынды жеткізуге байланысты келісімдер толыққанды бекітілді. Көмірді жеткізумен айналысатын компаниялар кеніштермен жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда барлық келісімге қол жеткізілді.

КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ЖЭО ЖӨНДЕЛЕДІ

Шымкенттегі жылу электр орталығы келер жылы ғана күрделі жөндеуден өтеді. Өйткені, Ресейден алынған тиіс қазандық құбырлары келісімшартта көрсетілген мерзімнен алты айға кешігіп жеткен. Салаға жауаптылар тасымалдағы қиындықтарға түсіністікпен қарап, екі жақты келісімді бұзбады. Алайда, жылу маусымына дейін құбырларды ауыстырып үлгере алмаймыз,- дейді. Негізі 40 жылдан бері ауыстырылмаған №1 қазандық құбырлары техникалық тексеруден өткен. Гидравликалық сынаққа да шыдады. Сондықтан мамандар «жылыту маусымында кедергілер болмауы керек»,- деп отыр.

Қайрош Оңғарбаев, «3-Энергоорталық»  АҚ  Бас директоры:

- Неге десеңіз, стансаның жұмысы жақсарып келе жатыр. Көп жерін ауыстырдық. Стансаның надежность көбейтілді. Сондықтан инвестицияға артық ақша салудың қазір ешқандай да қажеттілігі жоқ. Биыл қараша айында ол құбырлар келіп түседі. Складта тұрады. Келесі жылы бастаймыз ол жұмысты.

ЖЫЛУ ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ КЕШІКТІ

Елордада үшінші жылу электр орталығы келер жылдың басында іске қосылмақ. Жауапты мердігер нысанды осы уақыттан ерте тапсыруға тиіс еді.    Қазір құрылыс жұмыстары 75 процентке аяқталған. Егер мердігер нысанды уақытылы пайдалануға бермесе, онда сотқа береміз-дейді әкімдіктегілер.

Бағдат Байсадықов, Коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

- Бірінші консервацияда тұрған қаладағы автономды жылу қазаны жандандырылуда. Осы орталықтандырылған жылу жүйесінен нагрузканы төмендетеміз. Сонымен қатар, былтыр бірінші ЖЭО -да 7 қазандық газға ауыстырылған болатын. Осы жылы 3 қазандық газға ауыстырылады. Әкімдіктік тарапынан субсидиялау негізінде осы қазандықтар бізге қосымша қуат береді. Ол да бізге көмегін береді жылу тапшылығын азайту үшін.

Айта кетерлігі, келер жылы да бас шаһарда жылу энергиясының тапшылығы сезілуі мүмкін. Биыл бюджеттен  28 жарым млрд қаражат бөлінген.

Авторы: Бақыт Топтаева