Енді шетелдік көліктерді тіркеу міндеттеледі

Грузия, Әзербайжан сынды елдерден сатып алынған 125 автокөлік уақытша сақтау қоймаларында тұр. Себебі олар тиісті салықтарын төлемей, кедендік тазартудан өтпеген. Бұл жөнінде мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, соңғы кезде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден әкелінетін көліктер саны артқан. Шетел азаматтары қазақстандықтармен ауызша келісім жасап, темір тұлпарларын сатып кетеді. Ал шетелдік нөмірмен жүрген көлік 1 жылдан кейін сыртқа шығарылуы керек немесе толық кедендік тазартудан өтуге тиіс. Өйтпеген жағдайда, темір тұлпар тізгіндегендер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көлік айып тұрағына тоғытылады.

Айнұр Сартаева, ҚР мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

– Жалпы автокөлік құралы егер уақытша сақтау қоймасына қойылса, онда 4 айға дейін тұруына уақыты бар. Автокөлік құралының иесі, егер машинасы сонда түссе, онда 4 айға дейін тездетіп, рәсімдеуге асығуы қажет. Өйткені болашақта рәсімдеп алмаса, ол автокөлік мемлекет пайдасына өндіріліп алынады.