Шетелдік көліктердің барлығы заңдастырыла ма

Енді елде шетелдік темір тұлпарларды тақымдаған азаматтардың мәселесі шешіледі. Президент 1 қыркүйекке дейін елге әкелінген барлық көліктерді заңдастыруды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кедендік алым мен алғашқы тіркеу 250 мың теңгеден аспайды. Осы тұста Ішкі істер министрлігі шетелдік автомобильдерді тіркеудің тетігін айқындап берді. Шетелден әкелінген темір тұлпардың бағасы едәуір арзан. Бірнеше ай бұрын Ержас Байдильдин де көрші елден автокөлік алған. Бірақ ол арғымағын қазақстандық есепке қоймаған. Оның айтуынша, салықтың көлемі автокөліктің құнына пар-пар.

Ержас Байдильдин, қала тұрғыны:

Мен машинаны Қостанай облысынан алдым. Шекара ғой. Арзан, таңдау көп, бағасы да жақсы. Қазақстанда қымбат. Былай қымбат еді ғой. почти бір машина тағы алып отыру керек.

Наргиз Бекмағанбетова, тілші:

2019 жылдан бері елге шетелден 120 мыңнан аса автокөлік әкелінген. Алайда олардың жартысынан көбі тіркелмеген. Ал жүргізушілер мемлекеттік алым мен алғашқы тіркеудің қымбаттығынан құжаттарын заңдастырмайды.

Ал кейбір тіркелмеген көліктердің иелері заңбұзушылыққа баратыны жасырын емес. Жол ережесін бұзғаны үшін де айыппұлдардан жалтарады. Сонымен қатар жергілікті қазына миллиардтаған салықтан қағылып отырды.

Эдуард Эдоков, тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:

Барлығына бірдей заң бар. Ал шетелден заңсыз әкелінген көлік мемлекетке зиян келтіреді. Мәселен,  егер мыңнан аса көліктен 3-5 млн салық түспесе, онда бұл бюджетке айтарлықтай шығын әкеледі.

Түйткілді мәселені шешу үшін енді шетелдік нөмір таққан көліктер ресми түрде тіркеледі. Президент өз жолдауында осыған пәрмен берді. Бірінші қыркүйекке дейін елге әкелінген автокөліктерді қолжетімді бағамен заңдастыруға болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет. Оларды заңдастыру мақсатында утилизация және алғашқы тіркеу үшін төленетін қаржы көлемін 200-250 мың теңгеден асырмай, бәріне бірдей және бір реттік алым алуды ұсынамын.

Яғни іздеу салынбаған және кеден рәсімдерінен өткен темір тұлпарларға қатысты. Осы тұста Ішкі істер министрлігі криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген көліктердің тіркелмейтінін айтты.

Жандос Мұратәлиев, ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:

– 1 қыркүйектен кейін Қазақстанға әкелінген автокөліктерден басқа криминалдық есеп бойынша іздеуде жүрген, заңдық немесе сот тарапынан шектеулері бар, бұрын тіркелген елдегі есептен белгіленген тәртіппен алынбаған, басқару органдары оң жақта орналасқан, сондай-ақ тіркеуден немесе толық кедендік тексерістен өтпеген, иелерінің тіркеу және құқық белгілейтін құжаттары жоқ автокөліктер заңдастыруға жатпайды.

Елдегі утилизациялық алымның бағасын барлығына бірдей етіп тағайындау жөн екенін айтады экономист Марат Қайырленов. Яғни автокөліктің құнына пар-пар салықтың көлемі азайтылса, көлік әлдеқайда қолжетімді болады.

Марат Қайырленов, экономист:

– Егер қазір кедендік алымдар мен кәдеге жарату алымы бойынша ставкаларды шамамен 2010 жылғы деңгейге дейін түсірсек, бізде автомобильдердің бағасы 2-3 есе төмендейді. Бізде 2014 жылдан бастап жеңіл автомобильдер саны 5 миллионнан 3,8 миллионға дейін төмендеді.

Айтпақшы, елімізде шетелдік оң рөлді көліктер көп. Ал рөді оң жақта орналасқан автомобильдер заңдастырылмайды.

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Асхат Қарақойшиев, Диас Қовланбаев