Мобильді диагностикалық кешен. Ауыл дәрігеріне көмек

Енді шалғайда тұратын халық басы ауырып, балтыры сыздаса, аудан немесе облыс орталығына ат арытпайтын болды. Кез келген ауылға бір маман жалғыз сөмкені арқалап барып, сырқатты медициналық тексерістен өткізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп бас аяғы жарты сағаттың ішінде диагностикасы дайын болады. Елде теңдесі жоқ бұл қандай құрылғы? Отандық мамандардың жетістігі отандық медицинада қолдау тапты ма? Зерттеп білдік. Жасыратыны жоқ шалғайдағы ауыл тұрғындары сапалы медициналық көмекке әрдайым қол жеткізе бермейді. Денсаулығы сыр берген азамат қажетті сараптама жасату үшін аудан немесе облыс орталығына сабылады. Шаруасы бір күнде бітсе құба-құп. Бірақ денсаулықты бастан аяқ тексерту үшін бірнеше күн аялдауға тура келеді. Астында көлігі, қалтасында қаржысы бар адамға бұл аса қиынға соқпасы анық. Алайда қарапайым ауыл тұрғынына салмақ салады.

Енді бұл мәселе біртіндеп шешімін табатын секілді. Отандық мамандар бір өзі түгел бір зертхананың жұмысын атқаратын бірегей мобильдік диагностикалық құрылғыны ұсынып отыр.

Данияр Закирьянов, компания директоры:

Мобильді диагностикалық кешеннің мүмкіншілігі зор. Оның көмегімен науқас үйден шықпай-ақ барлық медициналық көмекті ала алады. Нақтырақ айтқанда, зәр талдауын, электрокардиография, қан сараптамасы сынды тексерістер жүргізуге болады. Яғни осының барлығын алыстан жинап, емханаға жіберу мүмкін. Бұл алғашқы медициналық тексерісте таптырмас құрылғы.

Өндірушілердің айтуынша, мобильдік диагностикалық кешен онлайн және де оффлайн жұмыс істей алады. Әзірге бұл құрылғы ТМД төңірегіндегі елдердің бірде-бірінде жоқ. Еліміздегі екі облыс осы өнімге қызығушылық танытып, денсаулық сақтау саласына қолдана бастапты.

Бибігүл Төлегенова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Қарағанды облысының шамамен 17 проценті ауыл тұрғыны. Оларға 7 орталық аудандық аурухана медициналық көмек көрсетеді. Әрине, елді мекеннің барлығын уақытылы қамту қиын. Сондықтан мобильдік диагностикалық кешенді сатып алған болатынбыз. Бұл ауыл дәрігерлерінің жұмысын жеңілдетті. Шағын ғана сөмкені арқалап, үй-үйді аралап, науқастарды тексере алады. Барлық талдаулар ортақ базаға енгізіледі. Кейін оны аудандық ауруханада отырған дәрігер көріп, тиісті шешім қабылдайды.

Бұл кешен еліміздің денсаулық сақтау саласын цифрландыру бағытындағы бастамашы жобалардың бірі. Әзірге қондырғы Қазақстан аумағында тиісті тіркеуден өтпеген. Десе де, сынақ ретінде қолданысқа енгізілген құрылғы дәрігерлер арасында жоғары бағаға ие болып отыр.

Авторлары: Риат Шони, Нұрғали Мамырбаев