Өрт сөндірушілер үйлеріне қайта бастады – Қостанай облысы

Әулиекөл ауданындағы өртті сөндіруге өзге өңірлерден көмекке келген өрт сөндірушілердің алғашқы легі үйлеріне қайта бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облысы мен елорданың құтқарушылары жолға шықты. Олар оқиға орнында 1 аптаға жуық қызмет етті. Мәселен, теріскейден 6 арнайы техника мен 50 өрт сөндіруші келген. Олар келе сала Аманқарағай ауылындағы мұнай базасын тілсіз жаудан аман алып қалуға атсалысты.

Айта кетейік, кеше түстен кейін Төтенше жағдайлар министрлігі Әулиекөл ауданындағы өрттің ауыздықталғанын хабарлаған болатын. Енді табиғат апатын толық жою үшін жергілікті құтқарушылармен қатар көрші ақмолалық өрт сөндірушілер қалып отыр.

Марат Сыздықов, СҚО ТЖД басқарма басшысының орынбасары:

– Біз келгенде мына жақтың бәрі жалынның құрсауында болатын. Түн мезгілі еді. Бірден іске кірісіп кеттік. Ең қауіптісі мына тұрған мұнай базасы болды. Топ-топқа бөлініп, өртті жан-жақтан сөндірдік. Тұрғындардың арасынан да бізге су тасып, көмектескендер болды.