Әлихан Смайылов төтенше жағдайларға дайындықты толық тексеруді тапсырды

Бүгін арнайы жиын өткізген Үкімет басшысы азаматтық қорғау органдарын және орман мекемелерін материалдық-техникалық жарақтандыру мәселелерін жедел шешіп, хабарландыру жүйесін жаңғырту қажеттігін көрсеткендігін айтты. Сонымен қатар жауапты мемлекеттік органдардың ірі төтенше жағдайларды жою кезіндегі әрекеті мен өзара іс-қимыл алгоритмдерін қайта қарауы қажет екендігін атады.

Өйткені Қостанай облысында өрт болғанда жауапты лауазымды тұлғалар уақытылы әрекет ете алмаған. Енді бұл жағдай бойынша қорытынды жасалып, кінәлілер жазаланатын болады. Ал Қостанай облысындағы өртті сөндіруге қатысқан мамандарға сыйақы беріледі. Әлихан Смайылов осындай тапсырманы жүктеді. Бұдан бөлек Премьер-Министр барлық өңірлердегі азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысын көбейту және басқа да әлеуметтік қолдау шараларын пысықтауды міндеттеді. Сондай-ақ, Үкімет басшысы орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысын арттыру бойынша ұсынысты қолдап, өртенген алқапты қалпына келтіру бойынша бірқатар тапсырма берді.