Елімізде 61 жасында қанша әйел зейнетке шығады?

Президент Жолдауында әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыруды тапсырған.

Қазір еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі заңға өзгерістер енгізіп жатыр. Көп ұзамай 61 жаста зейнетке шығатын әйелдердің нақты саны белгілі болады. Мұндай қадамға барудағы себеп не? Вице-министр пандемия кезінде халықтың, әсіресе әйелдердің денсаулық көрсеткіші төмендеп, өмір сүру ұзақтығы қысқарғанын алға тартты. Сондықтан зейнет жасы 61-ге дейін қысқартылып отыр. Бұл мораторий 5 жыл бойы сақталады. Сосын не болмақ?

Назгүл Сағындықова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

- Мораторий бекітілген 5 жыл ішінде осы мед қызмет көрсету деңгейінің, оңалту кешендерін ашу, жалпы ауыл медицинасына ерекше көңіл бөлу арқылы шаралар қабылданатын болады. Осы шаралардың нәтижесінде халықтың да, соның ішінде әйелдердің де денсаулық көрсеткіштері жоғарлайды деген ойдамыз. Сондықтан 2028 жылы осы халықтың, әйелдердің денсаулық көрсеткішін ескере отырып, сол кездегі зейнетақы қамсыздандыру жағдайын ескере отырып бұл мәселеге біз қайта оралатын боламыз.  

Елде 325 мың әйел жұмыссыз

Қазір елде 50 мен 60 жас аралығында 967 мың әйел бар. Оның 325 мыңы еш жерде жұмыс істемейді. Тиісінше зейнетақысы да аз болады. Сондықтан министрлік осы әйелдерді жұмысқа орналастыруды қолға алып, тиісті шаралар қабылдап жатыр.