Халық азық-түлікті көбіне базардан алатын болған

Үкімет азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру тетіктерін әзірледі. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин хабарлады.

Мәселен, картоп пен сәбіз бағасын бекіту үшін Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарының ірі өндірушілерімен 4 млрд теңгеге дейін "айналым қаражатын" ұсыну бойынша келісімдерге қол қойылды. 

Азық-түлік қымбатшылығын қалай тежейміз? Үкіметтің күн тәртібінде тұрған негізгі мәселе осы. Әсіресе дүкендер мен супермаркеттерде біраз тауардың құны аспандап кеткені жасырын емес. Осыған байланысты көпшілік ақшасын аз да болса үнемдеу үшін коммуналдық базарға баруды әдетке айналдырған. Тұтынушылардың айтуынша, базардағы баға орталықтағы сауда орындарымен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді.

- 50 теңге болса да арзандау. Коммуналдық базарға қатынаған кезде қиналып қалмайсыз ба? Қиналсам да арзан болғасын келем. Терлеп-тепшіп, ауыр болса да көтеремін.

- Бұл базар арзан. Қарапайым халық арасында танымал жер. Мен де зейнеткермін. Осы жерден продукты аламыз.

- Үйдің қасындағы дүкендерде баға қандай? Онда тіптен қымбат. Иә, мұнда арзан. Бірақ алыс.

- Өзіміз жиі келіп тұрамыз. Нақты қандай тауар түрін көп аласыз? Ет аламыз, май аламыз, қаймақ аламыз. Жеміс-көкөніс аламыз. Супермаркеттермен салыстырғанда 10-15 процентке арзандау шығар.

Жергілікті сатушылар да қарапайым халықтың қалтасына қарай саудаласып тұрамыз, дейді. 

Лаура Әлібекова, сатушы:

- Қаңтар, ақпан айларымен салыстырғанда баға 20-30 процентке дейін түсіп қалды.

Бақытжан Тұрлыбаев, сатушы:

- Мысалы, қараңыз мынау сатылып жатқан супермаркеттерге қарағанда біз бәрібір арзан сатуға тырысамыз. 0,5 пайыз қоямыз. 1,5-2 теңге қоямыз.

Қуаныш Өмірбек, сатушы:

- Осы базарда 10-12 жыл болды. Арендатормыз. Ерейментау ауданында өз шаруашылығымыз бар. Сол жерден тура осында ет әкеліп сатамыз.

Жергілікті базар басшылығы да бағаның күрт өспеуін қадағалап отырады. Ішкі ережені белшеден басқан саудагерлерге мұнда орын жоқ. 

Айгерім Отарбаева, "Шапағат" коммуналдық базары әкімшілігінің өкілі:

- Біздің базардағы сатушылар бағаны негізсіз көтере алмайды. Өйткені басшылық тарапынан күн сайын бақылау бар. Жергілікті әкімдікке ұдайы түрде есеп беріп отырамыз. Ал ішкі ережеге шекеден қарағандарға шара қолданамыз. Ішкі жағдаймен келіспесе, келісім-шартты бұзамыз.

Қантқа сұраныс қай кезде де жоғары. Өткен аптада ғана келісі 320 теңге болып, бүгін 480 теңгеге көтерілсе де халық ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр. Өйткені бұл бағаның өзі орталықтағы көрсеткіштен біршама төмен6 дейді тұтынушылар.

Негізгі мәселе - ортада жүрген артық делдалдардан құтылу. Үкіметтің көздегені де осы. Мәселен, қолда бар айналым қаражаты шеңберінде қантпен қамтамасыз етудің жаңа тетігі қаржыландырылады. Бұл қант саласын дамытуға мүмкіндік береді. Зауыттар 136 мың тонна қант шикізатының үш айлық көлемін сатып алып, жыл бойы тұрақты қайта өңдеуді қамтамасыз етеді. Артынша 1 жылға 460 теңге/кг көлемінде босату бағасын белгілейді.

Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов