Әулиекөл ауданында өртте жоғалған адам табылмай жатыр

Әулиекөл ауданындағы өрт кезінде 8 адам жоғалып кеткен. Олардың жетеуі табылса, біреуінен әлі күнге дейін хат-хабар жоқ.

Анасымен ғана тұратын 56 жастағы Валерий Головач, өрт болған түні баспанасын тілсіз жаудан құтқарам деп Аманқарағайда қалған екен. Алайда оны анасы кейіннен ол жерден кетуге көндірген. Бірақ "үйден шықтым" деп хабар берген ол, сол күйі із-түзсіз кетіпті. Содан бері 5 тәулік өтті. Ал Валерий әлі күнге дейін табылар емес. Ана жүрегі жақсылықтан үмітті. Ал полицейлер болса, "іздеп жатырмыз" дегеннен басқа ештеңе айта алмады. 

Софья Головач, Валерийдің анасы:

- Ол бәрібір келеді. Оны менің жүрегім сезеді. Баламды іздеп, бармаған жер, баспаған тауым жоқ. Теміржол жаққа да бардым, өртенген үйіміздің маңын да қарадым. Орманды да аралап шықтым. Бүкіл жерде "Валера, Валера" деп айғайлап жүремін. Жалынамын, оны табуға көмектесіңіздерші. 

Бақытжан Мырзаболатов, Әулиекөл аудандық ПБ бастығының бірінші орынбасары:

- Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмыстық іс бойынша барлық полицейлер жұмылдырылған және де қосымша волонтерлер қосылған. Іздестіру жұмыстары күнделікті жүргізілуде. Одан бөлек волонтерлер де көмектесіп жатыр. Сондай-ақ, барлық ауруханалар мен басқа да мекемелерге кешенді тексерістер өткізілуде.