Қарағанды облысында бала тәрбиешісі мамандығын таңдайтындар азайған

Қарағанды облысында бала тәрбиешісі болғысы келетіндердің қатары сиреп барады. Бұл туралы «Аманат» партиясының өңірдегі филиалы өткізген белсенділер жиынында айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мектепке дейінгі білім беру бағытында оқуға ниет танытатын жастардың саны бүгінде 10 есеге кеміген. Бұған жалақының төмендігі себеп. Қанша мәртебелі саналғанымен, жеме-жемге келгенде талапкерлер бұл мамандықты таңдағысы келмейді.

Айман Түкбаева, AMANAT партиясының депутаты:

– Бірнеше жыл бұрын балаларға білім беру ұйымдарына тәрбиеші болу үшін конкурсқа 10 және одан да көп адам түсетін. Кейінгі кезде бұл орынға тек бір үміткерден ғана келеді. Себебі жалақысы аз. Ал мектепке дейінгі білім беру – балаларымыздың тұлға болып қалыптасуындағы маңызды кезең. Президент өз Жолдауында мектепке дейінгі білім беру саласына баса мән берілуі тиіс екенін айтты. Жақын арада барлық халықаралық стандарттарды ескере отырып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы әзірленеді.

АMANAT партиясының өңірлік филиалдары түрлі түйткілді қозғап, Президент жолдауында айтылған келелі мәселелерді кеңінен талқылап жатыр. Партиялық белсенділердің жиналысы Қарағандыдан бөлек, Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстанда ұйымдастырылды.