БҚО-да дизель тапшылығынан жол құрылысы тоқтады

Батыс Қазақстан облысындағы жол құрылысымен айналысатын компаниялар жұмысты тоқтатуға мәжбүр. Дизель отынының тапшылығына байланысты облыстық қана емес, республикалық маңызға ие жолдардың да құрылысы тұралады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аймақтағы жанармай құю бекеттерінде бір аптаға жететін дизель отыны қалған. Тағы бір мәселе битум тапшылығына қатысты туындап отыр. Батыс Қазақстан облысында биыл жыл соңына дейін 350 шақырым жол жөнделуі тиіс еді. Бірақ қыркүйектің ортасы болды, жұмыстың жартысы да істелген жоқ. Жыл баснан бері небары 140 шақырым жолға асфальт төселген. Ақтөбеден жеткізілетін қиыршықтастың мол қорын жасақтауға вагон тапшылығы зардабын тигізді. Шілде айында Ақтаудан әкелінетін битум да тоқтады.  

Айдар Меңеев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Осы сентябрь айында біз 15 мыңға жуық қажеттілік болды битумнан. Біздер сәйкесті өз өтінімімізді жолдадық. Алайда біздің облысқа тек қана мың жарым тонна битум беріп тұр. Бұл енді он есеге аз. Сәйкесінше біз тек мың жарым тоннаға тек қана асфальт саламыз. Мына қиынықтар болмағанда, біздер жолымыздың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 39-дан 50 пайызға жеткізуіміз керек еді.

 Зауырбек Қыпшақбаев «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК БҚО филиалының директоры:

– Жол құрылыс объектілерінде битум тапшылығы ерекше сезілуде. Осы күнге дейін 52 сынама сұрыпталып алынып, соның ішінде 17-сі физикалық, механикалық сәйкес келмей ҚР стандарттарына. Қазіргі таңда осы олқылықтарды жою бойынша біз Қазавтожол сонымен қатар мына жергілікті атқарушы органдарға арнайы ұйғарым хаттар жолданған болатын.

Тамыз айынан бері аймақта дизель отыны тапшы. Соның салдарынан Чапаев – Жаңақала – Сайхын, Барбастау – Ақжайық – Индер және Бөрлі – Ақсай – Жымпиты бағытындағы жолдарды жөндеу жұмысы тоқтап тұр. Әр компания күніне 50 тоннаға тарта жану-жанармай тұтынатынын ескерсек, жағдай аса күрделі, – дейді мамандар.

Миржан Нұртазиев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы :

– ҚР азаматына жеке көлігімен келсе, қолына 100 литр суткасына, ал енді техникаларға, арнайы техникаларға мекемлереге 300 литр суткасына. Ал енді шетелдік азаматтарға 450 теңгеден беріліп отыр. Дизель отынының келмеу себебі кейбір мұнай өндіруші заводтары қысқы кезеңге дайындалу жөндеуге тұрады.   

Жанармай тапшылығы коммуналдық мекемелер мен жолаушы тасымалдаушы кәсіпорындарға да оңай тимеді. Дизель отынының 450 теңгеге дейін өсуі құрылыс материалдары құнының шарықтауына әкелді.   

Тұрарбек Тілемісов «Атамекен» аймақтық кеңесі энергетика жөніндегі комиссиясының төрағасы:

– Қиындық болып жатқан жол салып жатқан мекемелерге, олар енді далада жол салып жатыр, қасында завправка жоқ.  Бензовозбен апару керек, оған 450-ден беріп жатыр, 260-тан беріп жатқан жоқ. Ол енді өте қымбат баға. Уже бәрі жұмыстарын тоқтатып жатыр, ондай ақша жоқ ешкімде. Енді Үкімет те біледі, біздің әкимат та біледі. Қыста дейтін қысқы дизтопливо, оның ценасы мынадан да қымбат. Біздер өзіміз мұнайдың ішінде тұрып Ресейде 334, қазір одан да қымбат болып кетті ғой 450 деген.

Дизель отыны бойынша облысқа қажетті көлем айына 20 мың тоннадан асады. Ал жанармай құю бекеттеріне там-тұмдап жеткізіліп жатқан көлем қалыптасқан жағдайды өзгерте алмайды. Қазір аймақта АИ-92 маркалы бензиннің үш, ал дизель отынының бір аптаға ғана жететін қоры қалған.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов Елдар Аюпов