Елордада жас жұбайларға неке куәлігі табысталды

Елордада Отбасы күні қарсаңында ерекше салтанатты рәсім өтті. Қаланың бойтұмарына айналған «Бәйтерек» монументінде жас жұбайларға неке қию куәлігі табыс етілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңадан отау құрған жастарды гауһар тойын тойлағалы тұрған қариялар құттықтап, ақыл-кеңестерін айтты.

Елорда тұрғыны Рашида мен Рафаэль Аблақовтардың отасқандарына биыл – 56 жыл. Дәм-тұзы жарасқан жанұя бүгінде көпке үлгі. Отағасы Рафаэль – елорданы салуға атсалысқан құрылысшылардың бірі. Ал Рашида анамыз 50 жылдан астам уақытын медицинаға арнаған ақ халатты абзал жан. Абыз ана үй тірлігі мен жұмысты қатар алып жүріп, 2 перзент тәрбиеледі. Бүгінде немере сүйіп, жұбайымен бірге бақытты күн кешуде.

Рашида Аблақова, қала тұрғыны:

Біз елордада таныстық. Мен ол кезде небәрі 19 жаста едім. Ал жұбайым менен үлкен болды. Бірге өткізген күндерімізге еш өкінбеймін. Арамыздағы махаббат пен сүйіспеншілікті сақтай білдік. Балаларым мен немерелерім біздің бақытымызды еселей түсті.

Дәстүрлі рәсім елордада жылына 2 рет өтеді. Игі шараға Есіл ауданының әкімдігі мұрындық болды. Бірақ биылғы салтанаттың жөні бөлек. Жас жұбайларды өмір жолы өнегеге толы қариялар құттықтап келді.

Дарменияр Қыдырбек, Ұлы Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

– Арнайы біздің әйгілі қоғамымыздағы үлкен кісілерді шақырдық. Гаухар тойын тойлап жатқан. Ол мына отбасы құрып жатқан жастарға үлгі болсын деп, сол кісілердің жолын берсін деп біз ырымшыл халықпыз ғой. Сол ырыммен арнайы шақырып жатырмыз.

Бәйтеректің төрінде некесін қидыру бақыты 5 жас жұбайға бұйырды. Оларға қариялар, мәуелі ағаштай тамырын тереңге жайған үлгілі жанұя болсын деген ақ тілегін жаудырды.

Авторы: Назерке Әбдірахманқызы