Отандық ғалымдар жүргізген археологиялық зерттеулер әлемге жария етілді

Түркі әлемін зерделеп жүрген отандық ғалымдар Өскеменде өткен ғылыми жиында бас қосты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық ғалымдар Қазақстан тарихының әдеби қоры мен сақ тайпалары туралы мәліметтерді тың деректермен толықтырады. Өскеменде өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда археологияның маңызды бағыттары мен жиналған деректерді музейлендіру мәселелері талқыға салынды,

Профессор Зейнолла Самашев үш томдық әдеби кітапқа сақ тайпаларының тұрмыс-тіршілігі туралы жылдар бойы жинақталған деректерді топтастырады. Өйткені соңғы бірнеше жылда ел шығысында ежелгі көшпенділер өркениетінен сыр шертетін жәдігерлер жиналды. Шілікті алқабы мен Ақ Бауыр үңгірінен сақтардың алтын бұйымдары, тұрмыстық заттары мен құрал-саймандары табылды.

Зейнолла Самашев, профессор

Алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысында осы бағдарламаның аясында жұмыстар жүргізіле береді. Студенттер, оқушылар оқитын оқу құралдары соларды жасауымыз керек.

Ғылыми жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов тарихты бастапқы дереккөздерге сүйене отырып зерделеу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұған отандық археологтардың қосқан үлесі зор. Атап өтер жайт, облыс басшысының бастамасымен еліміздің шығысында ауқымды археологиялық экспедициялар басталды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі

Бүгінде өте маңызды ғылыми жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мемлекетіміздің тарихына жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді деп есептеймін. 

Отандық ғалымдар жүргізген археологиялық зерттеу нәтижелері әлемге жария етілді. 2021 жылы Кембриджде өткен «Сақ алтыны» көрмесі келушілерге ерекше әсер сыйлаған еді.

Нил Спенсер, археолог:

Бұл қазақстандық ғалымдармен жұмыстың басы ғана деп ойлаймын. Олардың жетістіктері таң қаларлық. Мен сақтар туралы көбірек білгім келеді.

Шетелдік түркітанушылар қазақстандық әріптестерінің жұмыстарына үлкен қызығушылық танытып отыр. Отандық археологтар жинақтаған бай олжа келешекте облыста ашылуы тиіс жаңа тарихи-археологиялық музейге қойылмақ.

Авторлары: Гүлдария Шамұратова, Вячеслав Ветлугин