loader


Қазақстанда жасалған броньді машина алғаш рет көпшілікке таныстырылды

Қазақстанда жасалған «Алан-2» броньді машинасы алғаш рет қалың көпшілікке таныстырылды. Бұл көп мақсатты техника күштік құрылымдарға арналған және әртүрлі арнайы операциялар кезінде қолданылады. Машина Әзербайжанда өткен Кавказ және Орталық Азия аймағындағы ірі ADEX-2022 әскери көрмесіне шығарылды.

Әзербайжан үшін ADEX әскери көрмесі өткен аптадағы елеулі оқиға болды. Ұзақ жылдық қақтығыстар енді ғана тоқтаған ел үшін әскер мен қорғаныс өнеркәсібіне қатыстының барлығы қызық. 26 мемлекеттен келген 200-ге тарта компания өздерінің жаңа дүниелерін көрсетті. Қазақстан ADEX-ке бірінші рет қатысты. Отандық «Қазақстан Инжиниринг» холдингі де өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Эскпозицияға «Барыс 8*8» және «Алан-2» бронды дөңгелекті машиналары қойылды. Бұл «Алан-2»-нің тұңғыш рет әскерилерге көрсетілуі.

Ильгиз Сафиулин, "Kazakhstan Paramount Engineering" ЖШС бас конструкторы:

- «Алан-2» бұл жеңіл, жылдам көпмақсатта пайдаланылатын техника. Дөңгелек формуласын 4*4 және 6*6 қылып жасауға болады. Бұл машина арнайы операцияларда, әскерде, медицинада қолданылады. Тіпті жүк таси алады. Сондай-ақ арнайы құрал-жабдықтарды орнату үшін қолданылады.

«Алан-2» төрт жыл бұрын Ұлттық Ұланның сұрауы бойынша жасала бастаған.  Kazakhstan Paramount Engineering компаниясының инженерлері әлемдегі басқа машиналарды мұқият зерттегенін айтады. Бұйымдарының 70 проценті елімізде жасалған. Бронды машинаға 300 аттың күші бар Cummins турбодизелі орнатылған. Трассада сағатына 130 шақырым, ал жолсызда 80 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Мотор мен алдыңғы бөлігі қалың бронмен қорғалған. 9-11 адамды алып жүреді. «Алан-2» және «Барыс-8*8» машиналары тағы бір сынақтан өткелі тұр. ADEX –тен кейін бронды көліктер Ақтаудан Нұр-Сұлтандағы заводқа дейін өздері жетуі тиіс. Бұл шамамен 2 мың шақырым. Біраз бөлігін жолсыз жермен жүреді. Содан соң сынақ әр жыл мезгілінде, әртүрлі климаттық аймақтарда жалғасады.

Ербол Салимов, "Kazakhstan Paramount Engineering" ЖШС бас директоры:

- «Алан-2» көп функционалды машина. Ұлттық Ұланнан бастап қарулы күштерде қолданылады. Енді бұл машинаны Қазақстанның Шекара әскері мен Ұлттық Ұлан, Қорғаныс министрлігінің арнайы жасақтары үшін ашық сынақтан өткіземіз. 

Қазақстандық бронды машинаның экспорттық әлеуеті де жақсы. Техникаға Пәкістан, Біріккен Араб Әмірліктері мен Африканың бірқатар елдері қызығушылық білдіріп отыр.

Ұлан Нарынбек, Григорий Беденко, Радик Жакупов

Сондай-ақ...