Алматыда ArtSport бағдарламасын талап еткен ата-аналар әкімдік алдына жиналды

Алматыда ArtSport бағдарламасының жалғасуын талап еткен ата-аналар қала әкімдігінің алдына жиналды. Әр тарап өз уәжін айтты.

Дегенмен, бұл мәселе әлі шешілетін емес. Бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев қаржы тапшылығына байланысты бағдарлама уақытша тоқтатылады деп, бірнеше мәрте мәлімдеген болатын. Оның үстіне қолданыстағы платформада олқылықтар бар дейді. Яғни үйірмеге бір күнде қатыспаған балалардың есімдері ақпараттық базаға тіркелген. Сол үшін қызмет көрсетушілер мен бапкерлер негізсіз қаржы алып отырған. Қала әкімдігі қызмет көрсетушілерге 2,2 миллиард теңге қарыз. Қазіргі кезде бағдарламаны одан әрі жалғастыру жағы талқыланып келеді. Осыған байланысты жұмыс тобы құрылды. «Артспортқа» балама болатын қалалық бағдарлама жасап шығару қолға алынған. Десе де, қызмет көрсетушілер бұған күмәнмен қарап,  жұмыссыз қаламыз деп алаңдайды. Бүгін қала әкімдігіне келген олар нақты шешім шығаруды талап етті. Осы бағдарламамен шаһарда 250 қызмет көрсетуші жұмыс істеген.

Жазира Тұрдиева, өнер мектебінің жетекшісі:

- Ақы ешқандай төленбейді деген де жағдай болып жатыр. Біздің арендамыз, ұстаздар ақысы, налогымыз арықарай қалай болатынын білмей тұрмыз.  

Ғани Майлыбаев, қалалық мәдениет басқармасының басшысы

- Біз июль, тамыз айларына берешектеріміздің бәрін осы қыркүйек айында береміз. Одан бөлек тағы да қаржы көздерін іздеп жатырмыз бұл бағдарламаның. Құзырлы органдар қазір тексеріс жүргізіп жатыр. Олар ата-аналарға звондап жатыр. Осы ата-аналарға звондап жатқаны біраз кісілерге ұнамайды. Звондамаңдар дейді. Кейбір ата-аналар өзінің балаларының кружокторға баратынын білмейді да. Бұл қалай?