Ана мен бала өлімін азайту жөнінен штабтардың жұмысы жаңғыртылады

Елімізде ана мен баланы қорғау саясаты қайта жаңғыртылады.

Ана мен бала өлімін азайту жөніндегі республикалық және жергілікті штабтардың жұмысы жандандырылады. Шалғай елді мекендерде босанатын әйелдер үшін қолайлы жағдай жасауға және тиісті деңгейдегі инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінеді. Бұндай тұжырым Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия тобының өңірлерге сапары нәтижесінде жасалды. Комиссия отырысына қатысқан Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева ана мен бала денсаулығын қорғау - мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы екенін атап өтті. Ол ана мен бала өлімінің алдын алу үшін жаңа тәсілдер енгізу, оған қоғамдық ұйымдардың ресурстарын тарту, сондай-ақ ғалымдар мен сарапшыларды белсенді араластыру маңызды деп санайтынын жеткізді.

Аида Балаева, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары:

- Соңғы жылдары елімізде ана мен бала өлімі көрсеткіші өзекті тақырып болып отыр. Үнемі назар аударуды, әлеуметтік көмекті қажет ететін ең өзекті салаға айналып отыр. Сондықтан біз биыл осы тақырыпты терең зерделеу мақсатында ұлттық комиссияның жанынан арнайы мониторинг тобын құрған болатынбыз. Арнайы сарапшылар тобы жаздағы демалыс кезеңіне қарамастан, аймақтарда ана мен бала орталықтарының жұмысымепн танысты. Әрбір өңірдің жағдайын жеке қарап, жан-жақты саралап, бұл бағытта үлкен жұмыс жасады.