Түркістан облысында астық бітік шықты

Түркістан облысында егінге орақ салған шаруалар мол өнім жинады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Облыс аумағында қазығұрттықтар 51 мың гектарды игеріп, көш басынан көрінді. Оның 43 мың гектарына бидай, 6 мың гектарына арпа себілген. Шаруалар орташа есеппен әр гектардан 22 центнерден астам өнім алды. Оған егістік жерді әртараптандып, жаңа технологияларды қолдану себеп болған. Одан бөлек биылғы ауа-райы да егінге қолайлы болды. Қазір ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары статистиканы сараптап, есеп жүргізіп жатыр. Облыс аумағында 850 мың гектардан астық жиналып, қамбаға құйылды. Егін орағына 800-ге жуық комбайн тартылды.

Марат Жолдасов, Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор жетекшісі:

– Біз де орта өнімділік 22,1 центнерден түсіп тұр қазіргі күнге дейін. Осымен тоқтайды деп ойлаймын. Бір-екі күнде нәтиже нақты шығады. Барлық шаруалар мынанша өнім алдым деген есептерін тапсырып жатыр. Енді қазір біз облыс көлемінде астық жинаудан бірінші орында тұрмыз.