Қызылордада тұрғындардың өміріне қауіп төндіріп тұрған көше бар

Әсіресе ата-аналар осы жолмен күнде мектепке баратын балаларының амандығын ойлап алаңдайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тротуары жоқ болғасын, жаяу жүргінші көлік жолының жиегіне шығады. Ал асфальттың ені өте тар. Тұрғындар мәселені екі жыл бұрын көтерген. Тағы бір жаңа оқу жылы басталды. Түйіткілдің түйіні тарқар емес. Бұл Қызылорда қаласының Сәулет ықшам ауданындағы ең ұзын көшелердің бірі. 4 шақырымға жуықтайды. Назарбаев даңғылынан басталып, 4 мың 200 бала білім алатын Абай атындағы мектепке барып тіреледі. Ені тар, екі көлік қарсы өтуге қиналатын көшемен жүздеген оқушы күн сайын мектепке қатынап жүр.

Айнұр Сарыбаева, Сәулет ықшам ауданының тұрғыны:

– Тар жол, машиналар қатты жылдамдықпен жүреді. Жаяу жүргінші жолын салу керек.

Жаңақұл Омарұлы, Сәулет ықшам ауданының тұрғыны:

– Балаға мен өзім жетектеп келе жатып, балам оңға жүр десем, түсінбей қалып солға жүрген кезде, ана машина аяғын басып барып тоқтап, сосын әрі қарай бізге ескерту жасап жүріп кетті, мысалы. Қолынан жетектеп келе жатқанның өзінде жолға сыймай келе жаттық, азанда. Соған кішкентай болса да, тар болса да жалғыз аяқ жол салып берсе, дұрыс болар еді.

Көшенің екі жиегін жабайы шөп басқан, бұрқараған топырақ. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Амалсыз асфальт үстіне шығып, зулаған көліктермен жағаласқан балалардың өміріне қауіп төніп тұр. Алайда қала әкімдігі 2 жыл бұрын берген уәдені әлі орындаған жоқ.

Нұржан Байжігітов, Сәулет ықшам ауданының тұрғыны:

2020 жылы тротуар салып береміз деп уәде берген еді. Сол уәдені 2 жылдан асты, күтіп отырмыз. Кеше жазды күні бір сұрағымызға осы биыл тағы. Міне, көрдіңіз тағы қалай машина жүйткіп өтті. Балалар амал жоқ топыраққа түсіп жатыр. Көлік жүргізушілеріне де оңай емес, тар жолда балалармен қатар келіп қалып жатса, өте қиын жағдайлар болып жатыр.

Қауіпті көшемен Абай атындағы мектепке келетін оқушылар жыл сайын көбейіп барады. Бүгінде 1200 орынға арналған бұл оқу ошағындағы балалар саны 3 еседен де көп. Олар 3 ауысыммен білім алуға мәжбүр. Алайда қаржы бөлініп, мердігер анықталғанмен, тротуар құрылысының нақты қашан басталатынын әкімдік өкілі айта алмады.

Дархан Бақтияров, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

Бұл белгісіз негізі. Жоба өтпелі болып аталады. Қазір күн салқындап бара жатыр. Өтпелі, биыл бастайды, келесі жылы аяқтайтын болады. Қойсары да, барлық 10 көшені де. Бүгін, ертең деп айта алмаймыз, бірақ келісімшартқа отырғаннан кейін жұмыстарын бастайды мекемелер.

Ата-аналардан бір тілек. Созбалаңға сала бермей, келеңсіз жағдайлардың алдын алып, балалар жылында оқушылардың қауіпсіздігі мәселесін шешіп беруді сұрайды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов