Қарағандылық диқандар мол өнім жинап жатыр

Биыл Арқада егін бітік шықты. Қарағанды өңірінің диқандары мол өнім жинап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Оның бір себебі жаңа технология мен минералды тыңайтқыштарға да байланысты. Егіннен бөлек көкөніс те молынан. Қарағанды өңіріндегі ең ірі шаруашылық биыл 35 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл еккен. Егер тыңайтқыш сеуіп, жаңа технологияны қолданбағанда егістік қурап, есіл еңбек еш кетер ме еді дейді диқандар.

Думан Шәкітаев, бас агроном:

– Біз негізі тыңайтқышты жылда қолданатынбыз. Бірақ тек парға себетінбіз. Ал биылғы жылы 100 пайыз күллі егіске септік. Қай жерге аммофос, қай жерге сульфоаммофос жаңа технологияға байланысты. Соның арқасында биыл осындай егін алып тұрғынымыз. Жаз бойы жаңбыр болмады деп айтуға болады.

Қазір диқандар әр гектарынан 10 центнерден өнім жинап жатыр. Егер жаңбыр жауғанда, бидай түсімі одан да жоғары болар еді. Оның үстіне биыл астықты Нұра ауданының аумағында киіктердің көші қалың болып, егіннің біраз бөлігін таптап өткен.

Минералды тыңайтқыштың арқасында аймақта көкөніс те көп өнім беріп жатыр. Биыл шаруалар бірінші рет картоп алқаптарын тыңайтқыш қоса отырып тамшылата суғару әдісін қолданған. Соның нәтижесінде әр гектарынан 35 тоннадан өнім жинауда. Картоптың сапасы да жақсарған.   

Георгий Прокоп, шаруа қожалық жетекшісі:

Мемлекет басшысы өз Жолдауында ауыл шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде негізгі күшке айналу қажеттігін атап өтті. Біз де заман талабынан қалмай агроөнеркәсіп саласындағы тың технологияларды қолданысқа енгізіп келеміз. Соның арқасында жыл сайын өнім көлемі артып отыр.

Биыл облыс диқандары 920 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл және 13 мың гектарға көкөніс еккен. Қазір жиын-терім науқанының 50 проценті атқарылды. Ауа райы да қолайлы болып тұр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар