Маңғыстау облысында жолды бақылау күшейтілді

Жол қауіпті болып барады. Қалада да, далада да апат көп. Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша жол бойында опат болғандар саны 48 пайызға көбейген.  

Жыл басынан бері 50-ге жуық адам көз жұмып, 350-і түрлі жарақат алды. Енді тәртіп сақшылары бақылауды күшейтті. Ал тұрғындар  жолдардың сапасына сын айтады. Жол белгілері жетіспейді, бағдаршамдар аз-дейді. 

Нұржамал Жайылханова жаяу жүргіншілер жолынан өтуге қорқады. Көз алдында анасы мен баласын көлік қағып кетіпті. Өзі тұратын 16 шағынаудандағы жолға кедергі орнатуды сұрап, әкімдікке өтініш жазған. Әлі күнге қойылмады,дейді. 

Нұржамал Жайылханова, қала тұрғыны:

- Үш балам бар, сабаққа барады үшеуі де кәмелет жасқа толмаған, осы жолдан өткен сайын өзіміз қорқып отырамыз, машиналар қатты жүреді. Лежащий керек қалайда, ересек адам өткізіп жібермесек, қорқамыз. Біліп отыр ғой бәрі де гайы да бар.

Өңірде жыл басынан бері 128 жол апаты жаяу жүргіншілердің қатысумен болған. Тұрғындар  қала бойынша жол кедергілері мен бағдаршамдар жетпейді-деген шағым айтады. 

БЛИЦ:

- Қалада 16, 17, 28,13 шағынаудандарда жаяу жүргіншілер жолына кедергі қою керек, бағдаршамдар аз, сондықтан көлік жүргізушілері алып-ұшып, жолаққа қарамастан қатты жүреді.

- Мектептің қасындағы жолдарға керек, кішкентай балдар бар.

- Светофор керек, машиналар тоқтамайды, жол бермейді, бізді қағып кетейін дейді.

Полиция басқармасының мәліметінше, қала ішіндегі апаттан бөлек, ірі трассаларда қаза тапқандар саны екі есе өскен. Бұған жылдамдықты асыру мен жол сапасының нашарлығы себеп,дейді. 1 028 шақырым облысаралық жолдар болса, соның 27%-і сапасыз.  Жыл басынан бері 70-ке жуық тексеру жүргізілген.

Хамзат Сұлтанов, "ЖАҰСО" РМК МОФ директоры:

- Жолдарда алынған 700-ден астам сынаманың 130-ы талаптарға сәйкес келмей шықты. Мәселен, асфальтобетон жамылғы бетіндегі шұңқырлар мен жарықшақтар пайда болады. Бұған жүк көліктерінің асыра жүк тиеп, жиі жүруі себеп. Осы бағытта мониторинг жұмыстары жалғасады. 

Амангелді Халмурадов, облыстық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары: 

- Қазіргі уақытта Республикалық маңызды тас жолдарда, облыстық маңызды тас жолдарда күшейтілген тәртіппен қызмет атқарудамыз. Қосалқы күш қосып, қала, аудандардан учаскелік полиция инспекторларын қосып, қосымша патрульдік полиция экипаж автокөліктерін шығарып, патруль санын көбейтіп, қызмет атқарудамыз.

Апаттың алдын алу мақсатында  полиция департаменті облыс бойынша трассаларға жылдамдық өлшегіш құралдар орната бастаған. Енді 148 дана  «Сергек» камерасын қою жоспарланып отыр. Ал Ақтауда жыл соңына дейін 625 метр жасанды жол кедергісі жасалмақ.

Елнұр Қоянбай, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы: 

- Мердігер анықталды. Қазіргі таңда 275 метр орнатылды, 120 қалаға келді, алдағы аптада орнатылатын болады. Жол кедергісі мектеп, балабақша айналысына орнатылуда. Өйткені, оқу жылы басталды. Жолақ бойынша Ақтау қаласы ішінде жыл басынан бері 24 мың шаршы метр сызылған болатын.

Жасанды жол кедергілерін орнату мақсатында бюджеттен 18 млн.теңге бөлінген.  Жұмыстар қазан айына дейін жалғаспақ. Сонымен қатар, қалаға тағы 7 бағдаршам орнатылады. 

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев