Қызылорда облысында күріштің кесірінен балықтың шабағы қырылады

Қызылорда облысындағы егіс суаратын арықтарда жыл сайын ондаған тонна балық қырылады. Өйткені күрішке орақ түскен бойда магистральді арналар жабылады. Сол кезде тобықтан келетін суда шүпірлеген көп балыққа ауа жетпейді.

Осы себепті Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары арықтарды аралауға шықты. Заңсыз балық аулаушыларды жолын кеседі. Шабақтарды құтқаруға құлықсыз шаруашылықтарды анықтайды.

Бекітілген талап бойынша егін егетін шаруашылықтар қашыртқы каналдарда жиналған балықты құтқаруға міндетті. Негізгі дақылын орып алуды ойлайтын қожалық егелері шабақта  шаруасы жоқ. Өйткені талапты орындамағандарға шара қолдану жағы тым әлсіз. Сондықтан тонналаған балық шалшық бетінде жарамсыз күйде қалады. Табиғат қорғаушылар суы сарқылған айдындардан шабақты сүзіп, маңайдағы көлдердің қорын молайтуға тырысқанымен нәтиже мардымсыз болып тұр.  

Талғат Тоқтарұлы, ихтиолог:

- 100% әкелсек оның 50%-і тірі қалады ғой балықтардың. Су тапшылығына байланысты көп көлдерде су аз болып тұр. Жолда әкелемін дегенше де 10%-і өледі. Қанша дегенмен кейбір көлдердің қашықтығы бар. Өлмеуін қамтамасыз етіп бөшкелерге айналдыра қамыс салып, жұмыс жасаймыз.

Дегенмен, өткен жылы 7 миллион данадан астам шабақ құтқарған балық инспекторлары биыл ол көрсеткіштен асып түсеміз деп отыр. Ортақ игілікті іске орманшылар мен табиғат пайдаланушылар да атсалысып жатыр.   

Бақтияр Балжанов, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

- Бір күнде 25 мыңдай балық шабағы құтқарылды. Бұл шабақ түрлеріне негізінен ақ амур және сазан балықтары жатады. Қазіргі күнге дейін облыс көлемінде 700 мыңнан аса балық шабағы құтқарылып, көлдерге жіберілді.

Облыста 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 16 мың тоннаға жеткізу жоспары бар. Ол үшін 69 тауарлы су айдыны, 12 тоған және 16 шарбақтық шаруашылық іске қосылмақ. Енді сол өзен-көлдердегі су маржанын қаскөйлерге аулатпау, күріштіктегі шабақтарды қырып алмау және шаруашылықтардың өз міндетін орындау барысын бақылауға тұрғындар арасынан ерікті инспекторлар  тартылатын болады.

Қамбар Бекенов, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Бәйділдаев